Жылқышы әңгімесі Сапарғали Бегалин

Home » Рефераттар » Жылқышы әңгімесі Сапарғали Бегалин
Рефераттар Комментариев нет

Жылқышы әңгімесі

Мұқаш пен Ысқақ екеуi де майданға аттанды. Олардың қысы, жазы бағып өсiрген жүйрiк әрi күштi тұқымды «Таңат» колхозының жылқысы – жас жылқышылардың қолында қалды. Колхоз бастығы Исатайдың жаз шыққалы жылқыны көргелi келгенi осы. Исатай егiс шаруасы жайланып көңiлi орнықса, әдейi келiп жыл-қыны аралайтын. Кейде күнiмен жылқы iшiнде болып, демалатын. Қар кеткелi Исатайдың жылқыға келгенi бүгiн едi. Ол алдымен көк айғырдың үйiрiне келiп, оның сұлу мүшелi дөнен, бестiлерiн, саңлақты сақа биелерiн көрiп, аттан түсiп бiраз отырды. Бiрақ осы жылқының iшi Исатайға онша қызықты емес тәрiздi. Әлдененi қо-ңылтақсығандай, самарқау ойда. Оған мұндай ой сал-ған осы жылқыны жаз ыстыққа күйiп, қыс аязға тоңып бағып өсiрген iнiлерi жоқ. Олар сонау жаумен алысып қан майданда жүр. Тұңғыш ұлы Тұрсын, оны да кеше әскер қатарына аттандырды. Ауылдағы шаруадан оңашаланып ен далаға шыққанда оны осы ойлар әлденеше қиырға жетектедi.

Таңат тауының көк бурыл саласы, бұрқырап аққан қар суының мөлдiр бұлақтары да оның көңiлiн сергiтпейдi. Жалғыз-ақ оның ойын бөлiп, көңiлiн сергiткен бiр нәрсе көк айғырдың малдан бөлек, ерекше, ақылды қылығы болды.

Исатай жылқы iшiне келгенде көк айғыр үйiрiнiң шетiнде жүре жайылып, кiсiнеп жүр едi, бiр мезгiлде арқырап, Таңат тауын бауырлап жорта жөнелдi. Қайыра-қайыра кiсiнеп алды да, жоқ болып кеттi. Исатай таң-тамаша қалды. Ол көк айғырдың көп сырын бiлетiн, әсiресе, үйiрiнен мiнiлген бiр тайын жоқтап, әлденеше күн арқырап iздеумен болатын. Ондай кезде көк айғыр жылқының барлық өрiсiн шолып шығатын.

Көк айғыр екi биенi жетектеген кiсiге бiрсыпыра жерге шейiн ерiп барып, үйiрiне қайтып келген-дi. Өйткенi, түнде құлындаған көк биенiң құлыны әлi ширамаған болатын. Көк айғырдың ұзамағаны да осыдан болған-ды. Көк айғыр жаңа туған құлын ширағанша, одан ұзамайтын.

Жылқышы келген Исатайды байқап, көк айғыр тағы сол биелердi iздеп жөнелдi. Көк айғырдың бұл кетiсi Исатайға бiр ой салды. Мал жайын сөз еткенде Ысқақ көк айғырдың кейбiр осындай мiнезiн айтып мақтайтын. Онда Исатай өз iнiсiне: «Қой, беталды бөспе, ол кiсi деймiсiң!»– деп тоқтатып тастайтын. Шынында, ол көк айғырдың кейбiр естi мiнезiн сенiмсiз көретiн.

Ал мына мiнезi Ысқақтың айтатын қасиетiне ай-ғақтай, өз көзiмен көрдi. Осы оймен қабаттаса: жылқыны кiм бағады? Ауылдың бәрi Мұқаш пен Ысқаққа сенiп жылқының маңына бармайтын. Өзi болса, колхоз шаруасын жалпы басқарып, мал бағу жұмысына салақсып кеткен.

Артынан келiп сәлем берген Ғабдылды Исатай байқамай да қалды.

– Аман ба, қарағым? Оқудан қашан келдiң? Мына кер құнанды қашан мiндiң? – деп, Исатай Ақбұлақ мектебiндегi Ғабдылдың ойда жоқта келгенiне таңыр-қағандай болды.

– Ата, мен оқудан көктем каникулына босанып келгем. Кер құнанды Жексембi атамнан сұрап мiндiм. Апам, жас құлыны, туатын биесi бар жылқының iшiнде кiсi жоқ шығар, оқуыңа қайтқанша күндiз жылқыда бол деп жiбердi, Сiздiң мұнда жүргенiңiздi бiлгенiм жоқ, – деп жауап бердi.

Әкесi Мұқаштың майданға кеткен, оның орнына жылқыға белсенiп шыға қояр ер азаматының бәрi де соқада және басқа жұмыста жүретiнiн түсiнген Ғабдыл-ға Исатай iшiнен қуанды. Оны ұрындырып, малға жiбе-рiп отырған Ғайни келiнiне де өте риза болды. Ғабдылды сынағысы келiп:

– Жылқыда жалғыз жүргенде қорықпайсың ба? Таңаттың қасқыры қатты ғой, өзiң бiлесiң, – дедi Исатай. – Ал, анау Бөрлiсайда қасқырдың ұясы бар, биелер әлi құлындап болған жоқ. Ол сайға күшiктеген қасқыр алысқа ұзамайды, осы жылқыны ториды, – деп Исатай жылқының шетiн қайыра, аяңдап келедi. Исе-кеңнiң бедеу көк биесiнiң аяңына бүлкiлдеп желiп ерген Ғабдыл:

– Ата, мен қасқырдан қорықпаймын. Көк айғыр қасқырды өзi де жылқыға жолатпайды және Саябай бар, Ысқақ ағам бар, былтыр қасқырдың бөлтiрiгiн соққанда көргем. Бөлтiрiктердiң енесi, тап Шығар атамның көк қаншығы сияқты екен. Саябай көк бестiмен жетiп қа-йырып келгенiнде, Борлықақтың қамысына кiрiп қана құтылып кеткен, – деп қасқырға бойы үйренгенiн айтып, бiраз әңгiмеледi.

Ғабдыл биыл ғана он төртке шыққанымен, жылқыға үйiр, атқа берiк болатын. Ол өткен жазда да күндiз бойдан жылқыны бағып, кейде жылқышыға қосылып түнгi күзетке де барған-ды.

Жаңа шыққан соқашылардың жұмысын көре кетуге Исатай Таңат сыртына асты. Исатайдың алдынан жүре шалып, кiсiнеп қойып, жылқыға қайтып келе жат-қан көк айғыр кездестi. «Жылқы өсерде айғыр үйiрсек, ел өсерде жiгiт үйiрсек», – деген қазақтың мақалын еске алып, көк айғырға бұрынғыдан да риза боп келедi.

Таңат тауының ең биiгi Зорбас шоқысы асқақтап ұшар басын аспандата, Исатайдың көз алдынан көлденеңдей бердi. Көптен басына шықпаған Исатай қызықты бiлем, көк биенiң басын Зорбастың қиясына қарай бұрып, қырқалай аяңдады. Сырттың жоталанған тау-салалы қоныстары, бiрiнен соң бiрi тiзiлiп, сүйкiмдi көрiнедi. Алдымен бұлдырап шыға келген Мейзек биiгi, Тұлпардың шоқысы, Сегiзауыз, Көкшетау, айнадай жарқыраған «Борлықақ», түймедей қылтиып көрiнген Түлкiбас, Көксеңгiр, алыстан бұлдырап көрiнген «Шұ-бар айғыр», «Жорғадан» бергi балапан таулар бiрiнен соң бiрi Исатайдың көз алдына өмiрден өткен талай тарихты тiзiп әкеледi.

Исатай жайлаудың жалпақ алабын көзiмен тегiс шолып өттi. Оның көз алдынан Борлықақтың айдынына шомылып, қамысынан қоға тартқан, балапан қуып, балық сүзген күндерi, жайлау бәйгелерiнiң қарақшысы болған анау Мейзек, құнанға мiнiп сан бәйгеге шапқаны, онан жiгiт болған кезде мынау тұрған Көксеңгiрдiң бауырындағы бiр тойда балтыры жарқырап балуанға түскенi тегiс тiзiлiп өтiп жатыр. Өмiр шiркiн қандай өзгергiш. Оның өзi ортақ бiр сыр, өңi тотықпаған жап-жаңа күйiнде есiне түстi. Ол сырдың желiсiн ұстап жатқан анау Елiкбай қағы… Ол қақ Исатайға биыл көп жылдан берi суды көп ұстаған жылы болып көрiндi. Өйткенi су аз жылда ол үш бөлiнiп қалатын, ал биыл бәрi тұтасып, айдын көл болыпты. Ол қақ көктемде суды мол ұстаса, шалғыны қалың, шөбi шүйгiн болады. Әсiресе, жылқыға – өте қызықты жайлау. Мал қамын өте ерте ойлап, қойысты күнi бұрын сайлайтын Исатай жылқы фермасын май айынан бастап-ақ Елiкбайға көшiрудi есiне алды.

Исатай Зорбасқа текке шыққан жоқ. Ол қоныс бақылау оймен шығып едi. Ендi жылқының жазғы жайлауын осы арада белгiлеп қойды.

Жылқының iшiнде құнанын шалдыра аралап жүрген Ғабдыл, арқырап шыға келген көк айғырды көргенде қуанып кеттi. Ол қашан болсын, жылқыға келгенде көк айғырды, соның үйiрiн ыстық көрiп көбiрек аралайтын. Әсiресе, көк айғырдың жерге тиген ұзын қалың жалын, нардың өркешiндей биiк шоқтығын, ұялы қалың құйрығын тамаша көретiн. Ол көк айғырдың естi мiнездерiн әкесi Мұқаш әңгiме етiп айтқанда, тек әншейiн бiр мал деп ұғудан гөрi, тiл үйретiлген цирк аттарының түрiнде түсiнетiн. Сондықтан да ол жылқы iшiнде көк айғыр барда қорықпай, мықты серiктiң қасындамын деп бi-лушi едi.

Қыстай алатаң болып шыққан құр айғыр, ескi түгiн тастап, – құндыздай құлпырған едi. Оның үстiне үйiрге түскен соң, қамшыдай қатып, жұмырланып алған екен. Көк айғырдың бүгiнгi сипаты Ғабдылды одан сайын қызықтырды. Ол көк айғырдың қазiргi түрiн, өзi оқыған кiтаптарда суретiн көретiн арыстанға ұқсатты. Көк ай-ғыр жылқыға келе өзiнiң қалың үйiрiн иiре қайтарып, жинап алды. Жаңада құлындаған жүйрiк кер бие шуақтап жатқан құлынынан ұзай алмай жылқыдан кейiндеу тұр едi, көк айғыр оны да барып мойнын салып айдап келдi. Оның кiшкене қара-төбел құлыны енесiнiң алды-артын орап шапқылап, жүйткiп, жүйткiп алады.

Қаратөбел құлынның құлдырап шапқан түрiне Ғабдыл тiптi қызықты. Құлын туралы жаттап алған бiр өлеңдi әндетiп те қойды:

Қос құлағы құрақтай,

Құйма тұяқ болаттай.

Күлте жiбек кекiлi,

Көзi жайнап шырақтай.

Қыстай сабақта iшi пысқан Ғабдыл, малдың қызығына алданып, күннiң батуға барғанын да сезбей қалды. Ол кер құнанды жылқыға жiберiп, Жексембi атасы айт-қан күзеттiң құла айғырын ұстап мiнбек едi. Бiрақ, үйiрге түсiп желiгiп жүрген жарау айғыр балаға ұстата қоймады. Шүу дегенде жымқыра келiп құрық салып жiбермеген соң, бала екенiн сезiп, құла айғыр басынып маңайлатпады. Айғырды ұстаймын деп Ғабдыл күндi батырды. Ымырт жабылып, қас қарая бастады. Жылқы мен ауыл арасы бiрсыпыра жер. Исатай қайтып бармаса, ауылда жылқышы мiне қояр ат та жоқ. Батыс жақтан көтерiлген қою қара бұлт ұлғайып, қалыңдап келедi. Анда-санда жарқылдап, алыстан күннiң күркiреген даусы да естiледi. Ғабдыл жылқыны тастап үйге қайтпақ едi, бiрақ жылқының күн батқанда иесiз қалуын ұнатпады. Оның үстiне, құрық көтерсе тұра қалатын құла айғырды ұстап мiне алмағанын өзiне үлкен мiн көрдi. Бұдан бұрын түнде жылқы күзетiне жалғыз барып көр-меген қорқыныш тағы қабаттайды. Нажағай ойнап жарқылдаған қара бұлт жақындаған сайын қысылады. Жылқыға алданып жүрiп, қарны ашқанын да бiлмедi…

Алыстан үңiрейiп, Бөрлiсай да күшiктеген аш қасқырларын кеш бата жортуылға өргiзiп жатқан сияқтанды. Айбынды айғыр, қызықты құлын, сүйiктi жылқының бәрi оған қазiр қатер құшағына кiргендей болып көрiндi. Ол жылқының шеттеп жайылғандарын иiре, көк айғырдың үйiрiне қарай қайырады. Ширамаған жас құлындарының жанына қарай үйiрiн топтап, түнгi күзетiне әзiрлегендей, көк айғыр да жылқының жел жағын ала жайылады. Ауыл жақтан ат дүбiрiн, қараңдаған кiсiнi күткен Ғабдыл жалығуға да айналды. Кешеден ер алынбаған кер құнанға да жаны ашып барады. «Көк жалап, қара тiл болмаған караөзек шақта құнанды әлi жiбермей мұнша неге ашықтырдың?» деп Жексембi атасы ұрысса не дейдi?..

Бұлт бұрынғыдан да тұнжырап, жел екпiнi үдей түстi. Нажағайдың жарқылы да жиiленiп, Таңат тауын бүркей бердi. Оның үстiне жүрдек кер айғырдың үйiрi желге беттей бiрмұрттап, Бөрлiсайға қарай тартып  барады. Өзiне сүйеу көрген көк айғырдың үйiрiнен ұзағысы келмесе де, Ғабдыл жылқыны бытыратып алудан қорқып, ұзаңқыраған кер айғырдың үйiрiн барып
қайырды. Бiрақ, оның елегiзген құлағына желдiң суылынан аш қасқырдың ұлыған шуылы естiлгендей болады. Көзiне былтырғы өзi көрген желiнi салақтаған күшiктi қасқыр елестейдi. Әсiресе, Бөрлiсайдан сеске-недi. Жылқыны қайырып келе жатқанда, көзiне Исатай атасының жуас жорға қара аты түсе кеттi. Қыстай қолда болып, өзi сан мiнген әрi жуас, әрi күйлi атты ұстап мiнсем деп қызықты. Бiрақ, қар суымен семiртуге жiберген атты ұстап мiнсе, Исатай атасы не дейдi? Одан тағы қысылады. Ал, ол атты мiнгенше, мына қараңғы түнде қасқыр келiп қалса, аш құнанмен не бiтiредi, – оны да ойлайды.

«Шауып қинамаймын және Исатай атам аш құнанды жiберiн мiнгенiме ұрыспайды», – деген ойға жең-дiрiп, Ғабдыл қара атты құрық салып ұстады. Құрығымен жетектеп көк айғырдың үйiрiне қарай алып жүрдi. Ондағы ойы, қасқыр-масқыр жағаласа, көк айғыр өзi де қуып кетедi деген ой едi. Бiрақ, көк айғырдың үйiрi-не таянғанда, қара ат құрық жетегiне жүрмей, кейiн шегiндi. Қара аттың қараңғыда қалт тұра қалуында құлағын алдына тiгiп қорыққан белгi бар едi. Содан қымсын-ған Ғабдыл айналасына жалт-жалт қарады. Ешнәрсе көрiнбедi, тек үйiрiнiң Ғабдыл жақ шетiне шығып, құлағын тiге қарап тұрған көк айғырды байқады. Қара аттың көк айғырдан қорқып шегiнгенiн ол ендi сездi… Өз үйiрiндегi еркек жылқыны қумағанмен, көк айғыр өзге еркек жылқы үйiрiн маңайласа жер түбiне жасыратыны Ғабдылдың есiне жаңа түстi.

Сол жерде құнаннан түсiп, ерiн алып, жүгенiн жаңа сыпыра бергенде, күн қатты күтiрлеп таяу жерден жарқ ете түстi. Кенет үрiккен қара ат құрықты ала жөнелдi. Әрi күннiң жарқылынан шошынған, әрi мойнындағы құрықтан елең алған ат жылқыны шошытты. Құнаннан да, аттан да, қолдағы құрықтан да айрылған Ғабдыл айқайлайын десе, үнi шықпайды. Жүгiрейiн деп едi, буыны құрып, бiр топ тобылғыға сүрiнiп мұрттай ұшты. Құрық әкеткен қара аттан шошынған жылқы шұрқырай о да ұзап барады… Қалт тұра қалып тыңдап едi, адамның даусы екен. Ол құлағына жылы тигеннен, өзi үрейленiп тұрғанда кiмнiң үнi екенiн аңғара алмады.

Аздан соң жылқының кiсiнегенi басылып, тиыштал-ғандай болды да, «Ғабдыл!» – деп айқайлаған дауыс ап-анық естiледi. Ғабдыл қаншама үн берейiн десе де дыбысы шықпайды. Өзiнiң қуанып тұрғанын да, қор-қып тұрғанын да ажырата алмады. Үн өзiне қарай бiр таянып келiп, тағы әрi қарай ойысқандай болады. Ғабдыл алғашқыдай емес, жылқыны тоқтатып қайырған кiсiнiң дыбысын естiп, жүрегi орнына түсейiн дедi. Жылқының қарасы да шоғырланып көрiне бастағандай… Ендi тұра қалып айқайлап едi, шырылдаған дауысы өте әлсiз шығып, өзiне де әрең естiлдi. Бiрақ, даусы шықты бұл жолы… Дем алып тағы айқайлады. Айқайы басыла бергенде күн тағы жарқ ете түстi. Бұл жарқ еткенде Ғабдыл бағанағыдай емес, бойы үйренген екен, көзiн жұма қалмады, алдында тап-таяу жерде өзiне қарай келе жатқан бiр аттыны көрдi. Ғабдыл қуанып кетiп тағы айқайлады. Атты кiсi қасынан дыбыс бердi. Қасына келiп қалған екен: «Ғабдыл!» – дедi Исатай атасы. Исакеңнiң бағана егiнге кеткеннен оралған бетi едi.

Исатай соқаға жүруге апарған биенiң бiрi шәл-кестенiп жүрмегенiн көрiп, соны жылқыға қоса кетуге бұрылып едi. Ол, Ғабдылды жылқыдан қайтқан шығар деп келсе де, жылқыны үркiтiп құрық мойнында жүрген қара атты көрiп, Ғабдылдың қайта алмағанын аңғарған-ды.

Бағана ғана: «Қасқырдан қорықпаймын», – деп, жылқы бағуға дайын екенiн айтқан Ғабдыл Исатай атасынан жаман ұялды. Қара атқа құрық iлiп жiберiп, жыл-қыны үркiтiп, түн iшiнде жаяу қалған жас жылқышы, атасына не айтарын бiлмедi. Осының бәрiн сезген Исатай, Ғабдылды артына мiнгiзiп, қара атты жетектегi ер-тоқымды iздедi.

– Сен мына құла айғырмен ауылға бар, Жексембiнi жылқыға тез жiбер, сен кешiккенге қорқып отырған шығар, барып Ғайни келiндi қуандыра ғой!.. – деп Исатай Ғабдылды үйге жiбердi.

Бағанағыдай емес, күн күркiреуi бәсең, нажағай сирек жарқылдайды. Бұлттар да бозалаң тартып, қалың жауын Абралы тауына қарай ойысқан. Осы кеңсiлiктiң бәрi бойын сергiткен Ғабдыл құла айғырдың құлағында ойнап ауылға демде келдi…

Соқаның арты бiтпей-ақ, Исатай жылқыны Елiкбай қағына көшiрдi. Ақбұлақ мектебiнен оқуын аяқтап Ғабдыл да бiржола босанып, ауылға келдi. Биенiң саууын, қымыздың бабын бiлетiн Ғайниды да, Исекең жылдағы әдетiнше жылқыға көшiрдi.

Ғабдыл көктемгi түндi әлi ұмытқан жоқ. Ол, малға икемсiз, әсiресе, әлi күнге ат ұстап мiне алмайтын деген атақтан қайтсем құтылам дейдi. Ғайни де оған қатты намыстанып, Ғабдылға ұрысып та алған…

Ай жап-жарық, жiбектей жұмсақ Арқа жазының әдемi түндерi басталды. Қар суымен тойынған жылқының бәрi семiз. Жабағы түгi түлеген тайлар тiптi әдемi. Ғабдыл күндiз тай үйретiп, асаумен алысады. Бие байлағанда құлын қуатын жүйрiк жирен айғырды Жексембi атасынан сұрап мiнiп, биелердi желiге қуып тығады. Кейде мiнiлетiн тiзгiн қашаған бойдақ жылқыларды да жирен айғырмен ұстап үйренiп жүр. Қашаған қуғанда қақтықпай қабырғасынан жалтаратып жирен айғыр асау тай, құнанның адымын аттап бастырмайды…

Жылқы суын iшiп, өрiске қарай бет алып барады. Желiден босанған асау құлындар, желi басында құлынына алданып бөгелген биелер жүре жайылын, желге беттей өрiске тартты. Жексембi де күзет атын ұстап алып, ерттеп, қамданып жатыр едi.

– Ата! – дедi Ғабдыл қасына келiп, – ай жарық қой, бүгiн жылқыға мен барайын, сiз тынығыңыз, – дедi. Өйткенi, қақтың суы жылып кеттi деп Жексембi күндiз құдық аршып, ұйықтаған жоқ-ты. Аз ойланып тұрып Жексембi:

– — Бара ғой, қарағым! Бiрақ жылқыны Мейзекке қарай қайырып ал және күзетке осы құла қасқа атты өзiң мiн, – деп атын бердi.

Жылқыны айнала аяңдап Мейзекке қарай қаптата жайып келе жатқан Ғабдылдың алдынан көк айғырдың үйiрi кездесе кеттi. Ол қулық сары биенiң желiнi жетiп жүргенiн бiлсе де, құлындайды деген ойында жоқ-ты. Сары бие бiр жатып, бiр тұрып, тыпыршып жүр екен, басында ауырып жүр ме деп Ғабдыл шошып та қалды. Бiрақ, артынан оның бошалап жүргенiн бiлдi. Көктем-дегiден гөрi қарнын салып, секiруге бет алған көк ай-ғыр да ұзын жалын төгiлте, үйiрiнiң арт жағын ала тоқтап жайылып келедi.

Жексембi атам: «Кейбiр бие құлындарда, қызғаншақ болады», – деушi едi, деп сары биеден қашықтай, Ғабдыл жылқының алдына келiп, бiр дөңеске аттан түстi де, киiмiн шешiнiп, жылқы үстiнен қаптап өткенше самалдап отырды. Пырылдай жайыла қаптаған жылқының көбi Ғабдылдан өтiп, алды ұзап та барады. Бiрақ, жылқының бағана өзi айналған арт жағында шоғырлан-ған тобы бiр орыннан қозғалмаған сияқты. Және шетке шыққан бiрлi-жарым жылқыны бiреуi қайырып, тобына қосып жүр. Киiмiн киiнiп, атына мiнiп Ғабдыл да сол жылқыға келдi. Ол көк айғырдың үйiрi. Мойнын салып бәрiн иiрiп тығып тұрған көк айғырдың өзi, Ғабдыл келе сары биенi қарап едi, құлындап қалыпты: әлi аяқтанбаған қоңыр құлынына оқыранып, қасына таянған тай, құнанды құлағын жымитып қуып тастап тұр. Ғабдыл жаңа ұқты: көк айғыр үйiрiнен бие құлындағанда қашан құлын аяқтанғанша үйiрiн тырп еткiзбей иiрiп тұрады дейтiн едi. Көк айғыр сол әдетiн iстеп, жас құлынды ортаға алып үйiрiн шиыршықтай иiрiп алыпты.

Ғабдыл көк айғырдың үйiрiн қозғамай, жылқының алдын сол айғырдың үйiрiне қарай қайырып келдi. Бұл кезде шiлденiң қысқа таңы да сызылып атып қап едi. Қулық биелердiң құлынын тарпып тастайтыны болады деген, әкесi Мұқаштың бiр сөзi есiне түстi де Ғабдыл асығып көк айғырдың үйiрiне келдi. Ол келгенде сары биенiң құлыны аяқтанып, енесiнiң бауырына тығылып, тәлтiректеп жүр екен… Көк айғырдың үйiрi де қанатын жазып, жайыла бастады. Таң ата Ғабдыл аттан түсiп дем алып, ұйықтап кеттi.

Ғабдыл оянса күн сәскелiкке көтерiлiп қалыпты. Жылқының алды ауылға қарай ойысып, тек көк айғырдың үйiрi ғана аса ұзамай жатыр екен. Атына мiнiп, жылқыны жанастырып, Елiкбайдың ық жағына қарай беттедi. Оңтайлы жирен айғырдың үйiрiне қарай келдi. Түннен аш шиырыққан құлақасқа атты жiберiп, басқа жылқы ұстап мiнудi ойлады да, алдымен жирен айғыр-ға ұмтылды. Аз жалтақтап барып тұра қалатын жирен айғырды оп-оңай ұстап алды. Үстiне құрық алып мiн-генде, жылқы қуатынын сезе қоятын оңтайлы айғыр ауыздықпен алысты. Ғабдылдың жирен айғырды мiн-гендей ойы көк құнанды ұстап мiну едi. Көк құнан тай күнiнде аз ғана мiнiлiп қана жiберiлген, тарпаңдау және қашаған болатын. Оны ұстап мiнгендегi ойы, сонау көктемде жұп-жуас айғырды ұстап мiне алмады деген өзiне таңылған ұяттан құтылу… Апасына, Жексембi атасына мақтану да бар.

Көк құнан көк айғырдың үйiрiндегi ылғи құр дөнен, бестiлердiң тобында жүретiн. Оларға құрық көтердi болды, құйрықтарын тiге безедi. Ғабдыл құйрығын сездiрмей, қырындап келiп көк құнанға тұра ұмтылғанда, жирен айғыр айқаса түстi. Айғырдың екпiнiнен сасып қалған Ғабдыл, құрығын серпiп салам дегенде бауы оралып құнанға iлiнбей қалды. Шүу дегенде сасып қалған құнан бұлтара қашты. Шұғыл жалтаратын жирен айғыр бұлтартпастан тағы жетiп айқасты. Айғырдың бұлтарған екпiнiнен толқып барып әрең оңдалған Ғабдыл, бұл жолы да құрықты сала алмады. Бұлтақтағанына қоймайтын болған соң көк құнан жылқының жиiрек жерiне қарай қашты. Бiр жылқыға қақтықпастан жирен айғыр көк құнанды қабырғалап босатпады. Бағанағыдай емес, айғырға тақымы үйренген, құрық қолына қалыптанған Ғабдыл, бұл жолы құрықты құнанның жiңiшке мойнына тастап жiберiп, құлақ шекесiнiң түбiнен бұрап тартып қалды. Шынашақпен бiрге айналып құнанды қабырғалап алған жирен айғыр, құнанға құрық создырған жоқ. Ғабдыл да құнанды икемдеп құрығымен билеп алды; ат үстiнен ноқталап, құрығын босатып, сақтық та iстедi.

Жирен айғырды жiберiп, көк құнанды ерттегенде асаусып қалған тарпаң құнан мiнген кезде тулар деп Ғабдьп сескенген едi, бiрақ, құнан мөңкiмей түп-түзу жүрiп кеттi.

Жылқы ауылға келгенде, бие байлауға, қауға тартуға шыққан Исатай, Жексембi, Ғайни бәрi Ғабдылға таңырқап қарасты.

– Қарағым, жолды екенсiң, қулық сары биенi аман құлындатыпсың ғой. Көк құнанды қалай ұстап мiн-генсiң, – деп Исатайлар бәрi таңырқасып жатыр. Ғайни да баласының жiгiт болып, күзетке жалғыз барып кел-генiне, тарпаң құнанды өзi ұстап мiнгенiне қуанғандай:

– Ағасына тартса, жылқыға үйiр болса керек қой, – деп жымиды…

Ғабдылдың жылқы күзетiне баруы жиiледi. Құдық аршылғаннан берi Жексембiнiң ескi «желi» ұстап, белi шойырылып, жылқыға бара алмады.

Ай кешiгiп туатын өлiараға таянған едi. Күндiз жел жоқ, тымырсық ыстық болды. Жаздай бөгелек көрмеген жылқы, күнi бойы үйездеп, кеш өрдi. Ал, кештiң өзiнде де жел екпiнi жоқ өте қапырық боп жылқы тыңши алған жоқ едi.

Жылқыны Түлкiбасының бұйратына қарай беттетiп, жарау торы биенiң елпiлдеген аянымен жылқыны қозғаңқырап келе жатқан Ғабдыл, үйiрiнiң артын ала самарқаулау жайылып келе жатқан көк айғырды көрсе де, ой бөле қойған жоқ. Жалғыз-ақ, жүйрiк кер биенiң марқайып қалған қаратөбел құлыны тұлынтай торсиып, енесiн емiп жатқанын көрдi. Ғабдыл құлынды: «Қандай тамаша ат болар екен?» – деп ойлады да, жылқының алдына қарай айналды. Түлкiбасының қияқты өзегiне кiре жылқылар күлтелi көк майсасын күртiлдетiп тоқтай жайылды. Бұл кезде кешiгiп туған ай да алыстағы Зорбас шоқысының иығынан асып, көтерiлiп келе жатыр едi.

Ай жарығын арқа тұтқандай Ғабдыл өзектiң бiр жақ қабағын ала аттан түсiп, жантайып жатты. Аспан әлемiнiң ғажайып құбылысына айнала қарап, құс жолының жыпырлаған көп ұсақ жұлдыздарына аялдап астрономия сабағындағы оқығандарын еске алғанда, жылқы бағып отырғанын да ұмытқандай болды… Оның ойын бөлiп жiберген жылқының бiрден шұрқырасып кiсiнеуi едi. Жылқының үрке кiсiнеуiнен сезiк алған торы бие жер тарпып Ғабдылды зорға мiнгiздi. Жылқы кiсiнеген жаққа тұра шауып келгенде, шұрқыраған жылқының iшiнде құйрығы шұбатылып арсалаңдап жүрген қасқырларды көрдi. Келiп қалған атты кiсiдей сырғып бiр-екi қасқыр құйрығы бұлаңдап тұра жөнелсе де, тағы бiр-екеуi жүйрiк кер биенiң қаратөбел құлынын тұра бастырмай, жұлып кеткендей болды. Бар пәрменiмен айқайлап құрығын көтерiп, қасқырға Ғабдыл да төндi. Құлыны мен қасқырдың арасына түсiп, кер бие де оқыранып, айнала шауып жүр, Ғабдыл қас-қырды қуып кеткенде, жылқы иiрiлiп кiсiнеп қала бердi. Жылқыдан шетке шыққан қасқырлар Ғабдылдың шырылдаған бала даусын байқап, бойсала қашпай, жалтақтай бұлтарып, жылқыға қарай қайта ойысты. Аузын арандай ашқан үлкен қара көк арлан жалы күдiрейiп, айқайдан сескенбей жылқыға тұра жүгiргенде, Ғабдыл да тұра айқасуға батпай, қатарласа шапты. Осы кезде тағы бiр қасқыр Ғабдылдың артын ала жылқыға ұмтыл-ған едi. Тайсалмай, таласа жүгiрген екi қасқырға кезек жалтақтап, Ғабдыл да шошиын дедi… Бiрақ бағанадан берi көрiнбеген көк айғыр жылқыдан белiне шығып, Ғабдылдан оза, қасқырларды тұра бастырды… Басы қатты ұшқыр биенi Ғабдыл бұрып алғанша, көк айғыр екi қасқырды қуып ұзатып әкеттi.

Ұзын, қалың жалы қабырғасын жаба, құлағын жымита, қасқырларды қуып бара жатқан көк айғырдың тұрпаты артындағы Ғабдылға киiк қуған арыстанның бейнесiндей көрiндi. Ғабдыл ұзамай жылқыға қайта оралды. Қасқырлардан шошып елең алып қалған жылқылар әлi тобын жаза қойған жоқ едi. Әсiресе, көк ай-ғырдың үйiрi шоқтай болып иiрiлiп, кер биенiң айналасында шұрқырасып жүр. Кер биенiң өзi де құлынын бауырынан шығармай, осқырып тұр екен. Ғабдыл келiп енесiнiң сауырына кiрiп тұрған қаратөбел құлынға үңiле қарады. Ай сәулесiнен құлынның мiнер жақ санының қоң етi жалбырап көрiндi. Ғабдылдың жүрегi су ете түстi. Басқа жерi сау ма деп алды-артына шығып қарап едi, – басқа жара байқалмады. Әлден уақытта арқырап көк айғыр да жылқыға келдi. Мал тыныштанып жаңыла бас-тады.

Ет қызуымен бiлмеген қаратөбел құлын жарады аяғын сүйрете басып, әр жерге бiр жатып, енесiн де жөндi ембедi. Көк айғыр да құлыны жарады көк биенiң айналасынан ұзамай, қабағы түсiп, таң атқанша құлағын тiгiп, әр жерге бiр тұрып, оттамады. Қасқыр жаралап кеттi ме деп көк айғырды да айналдыра қарап едi, ондай белгi байқалмады. Ғабдыл таң аппақ атқанша аттан түспедi. Бұл жылқыдан құлынды қасқыр тiстедi деген жаманат ешуақытта болып көрген жоқ-ты! Әсiресе, көк айғырдың қасқыр жылқыға араласқанша бөгелiп қалғанына түсiнбедi. Тiптi былтырғы бiр боранда жыл-қы иесiз ығып, Шәку адырына барғанда, алты бiрдей қасқыр айналдырып, сонда да көк айғырдың үйiрiнен бiр жабағыға тiсi тимептi десетiн.

Аяғын сүйретiп, жүнi жығыла жүдеген қаратөбел құлын, енесiне ере алмай, кейiндеу келе жатыр едi. Ғабдыл құлынның қасына келгенде, өзiнiң кеше кешкi бiр ойы есiне түстi. Кеше ғана құландай ойнап тұрған құлынының, мынау жүдеу түрiн ағасы жылқышы кезiнде әскерге берген көк бестi осы кер биенiң тұңғышы, – мына қаратөбел құлынның ағасы болатын. Көк бестi де алғаш туғанда қаратөбел едi. Түлей келе көгерген. Мына қаратөбел құлын да көк бестiдей түлей келе қара көк боп, көк бестiнiң орнын басады деп қуанатын. Бұл ат болғанда мен де әскерге берермiн. Колхоздың жылқысы әскер мiнуге жараса елдiң мақтаны ғой… Ол болмады… Қаратөбел құлынды қасқырға талатты. Жүре алмай ауырлауына қарағанда, мал болар-болмасы да екi талай. Мал болса да, тыртық сан, ақсақ болады деп уа-йымдады. Оның үстiне: «Ұйықтап қалып, құлынды қасқырға тартқыздың!» – деп, Исатай атасы мен апасы сазайын бередi ғой деп қорқып, осы жылқы бағудан құ-тылғысы да келдi…

Ғабдыл бүгiн, күндегiсiндей, таңертең де аттан түсiп ұйықтамады. Тек шыр айналып, кер биеге келе бердi. Әр жерге тұрып, қалшиып, жайылмаған көк айғырдың салыңқы түрiнен шошып, айналдыра қараған Ғабдыл, қамшылар жақ қамыттығының көпсiп iсiп тұрғанын көрдi.

Жылқыны ертерек ауылға қарай қайырып, ауру малдардың ыңғайымен жылжытты. Жылқының аса ерте келгенiнен және үйiрi суға түсерде алдында оқ бойы озып келетiн көк айғырдың артта қалғанын ұнатпады. Оның үстiне кер биенiң құлыны шоңқаңдап енесiне iлесе алмай келе жатқанын көрдi. Исатай Ғабдылдың құдық басына жетуiн күтпей-ақ қарсы жүрдi. Өзi бұрыннан қорқып келе жатқан Ғабдыл, өзiне тұра келе жат-қан Исатайдан қорқып, не iстерiн бiлмедi… Ол тiптi Исатайдың сабауына да мойындап қалып едi! Бiрақ өмiрi Исатай арасының кiсiге қол көтергенiн көрген де, естi-ген де жоқ-ты. Дегенмен, ойы неше саққа жүгiрдi. Бойы мұздап, өңi бозарып та кеткен едi… Алайда, Исекең сабаған да, ұрысқан да жоқ, тек құлын мен көк айғырды көрiп ренжiп:

– Апыр-ай, көк айғыр денi сау болса, қасқырға құлын тiстетпесе керек едi ғой, мынау меңдей ауырған айғыр ғой, мынасы жаман жара болмаса неғылсын! – деп, көк айғырға ере аяңдап, құдық басына келдi.

Астауға түсе берген көк айғырды су iшкiзбей Исатай ұстап алып, кер биенi де құлынымен ауылға алып жүрдi. Күндегiдей емес, жабыға келiп үйге түскен Ғабдылға Ғайни ешнәрсе айтқан жоқ, тамағын бердi де құлын мен айғырды көруге шығып кеттi.

– Ғайни қарағым, жатқан-тұрған күшала бар ма? – деп сұраған Исатайға:

– Оны қайтесiз? – дедi, қабағын шытынған Ғайни.

– Мына құлынның жарасына қайнатып жағайын деп едiм.

– Оныңыз жабайы ем ғой, қойлы ауылдан мал дәрi-герiн шақырыңыз.

Малға жаны ашып, сасып қалған Исатай, есiн жинағандай:

– Жедел барып Базарбайды алып кел, – деп, бiр атпен Жексембiнi қой фермасына жiбердi.

Биенiң бас сауыны болмай-ақ, Жемсембi мен Базарбай да келдi. Олар келiсiмен көк айғырдың топсысындағы iсiктi ұстап-ұстап көрiп: «тап соның өзi!» – дестi, құлынның жарасына дәрi жағып байлап болып.

– Кеше кешке жылқы суарғанда көк айғырдың қабағын ұнатпап едiм, – деп Жексембi қатты кейiп: – Жануар, сау қалса не қылсын! – деп сарыуайым сала сөйлей бастап едi, Базарбай:

– Жеке, уайымдамаңыз, сырттан болған, әзiр өн-дiршекке тапқан жоқ, түк етпейдi. Қазiр өткiр ұстара әкелiңдер, – деп өзi де шешiнiп жеңiлтектендi. Жабылып көк айғырды жығып, төрт аяғын буғанда, оның
жаудыраған көзiне көзi түскен Исатай жасқанып, терiс айналды. – Я, сәт, – деп Базарбай iсiктi тiлiп жiберiп, күлтiлдеп қалған жалқаяқты сылып алып тастады да, креолинмен жараны жуып, iшiне дәрiнi толтыра салып, жiбекпен тiгiп тастады. Көк айғыр орнынан қиналып барып әрең тұрды.

Базарбай аттанарда:

– Бүгiн су татырмаңдар, сәтi түсiп ем қонса, басқа жерiне қаптай тоқтайды, айғырдың өзi де жұлдыз шыға отқа қарар, көп емес, аздап жетектеп оттатыңдар, сол кезде суды бiр жұтқызып қана қоярсыңдар! – деп қо-йына қайтты.

Ғабдыл осының бәрiн көрiп қорқып та, қуанып та жүр. Ол бiр кезде Жексембi атасына келiп:

– Қаратөбел пұлын жазыла ма, саны кем болмай ма, ақсамай ма? – деп сұрады.

– Жарасы онша үлкен емес, түк те етпейдi, бiр жұмада жазылады, – дедi.

Ғабдыл қуанып кеттi.

Жылқы фермасы қоныс жаңалап Тоқымтыққанға қонды. Жаздың ыстығы қайтып, күздiң қоңыр желi еседi. Бұрынғыдай емес, жылқы күндiз де ұзап өрiстеп кететiн болды. Өрiске кеткен жылқыны қайырып келе жатқан Ғабдыл, көк айғырдың үйiрiн аралап жүрдi. Жарасы әлдеқашан жазылған көк айғыр өзiнiң қалыпты күйiне түсiп, ұзын жалын төгiлтiп үйiрiнiң iшiнде жүр. Саны жазылған қаратөбел құлын да, құлын жүнi түлеп төбелiнен бастап, мойнына қарай көкшiл тартып, көк бестiден айнымай өсiп келе жатқанын аңғартады.

Қаратөбел құлынды көргенде Ғабдылдың ойына Ысқақ ағасының көк бестiсi түстi. Өзi де қаратөбел құлыны ат болғанда Ысқақ ағасындай келiстi ат қылып мiнермiн деп ойлады. Қаратөбел құлынды қасқыр тартқан күнi жасыған көңiлi қайта тасыды. Алдағы үмiт алыстан тағы күле қарады. Әндетiп жылқысының алдына қарай айналды.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.