Жырау деп кімді айтады?

Home » Рефераттар » Жырау деп кімді айтады?
Рефераттар Комментариев нет

Проф. Н.Смирнова: “Жырау” сөзінің мағынасы – “жыр айтушы” деген сөз… Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне”, — деп жазады. Проф. Е.Ысмайылов Н.Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде “жыру”, “жыруче” сөздерінің “жыр” сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, “жырау” сөзін “жыр”, “жыр айтушы”, “жырламақ” сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы “тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы” екендігін айтады. Бұл пікірді қарақалпақ фольклоршысы Қ.Айымбетов те қолдайды. “Жырау” деген сөздің шығу негізі – “жыр жырлау”. “Жырау” сөзінің пайда болуы туралы, оның шығу негізі “жыр” сөзінен келіп шыққаны туралы өткен ғасыр ғалымдары Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Л.З.Будагов, Ш.Ш.Уәлиханов, — міне, бұлардың бәрі де “жыр жырлау” сөзімен байланыста екендігін айтады”, — деп жазады ол.

Сөз ыңғайы келіп тұрғанда айта кетуіміз керек: В.Радлов “жырау” сөзінің “жыр жырлауменен” байланыстығы жөнінде ештеңе айтпаған болатын. В.Радлов сөздігінің І томы, 2-бөлігінде “ыр”, 3 томы, 1-бөлігінде “йыр”, “йырлыжы”, “йырла”, “йырцы”, 4 томы 1-бөлігінде “жырау”, “жыраушы” сөздері  әрқайсысы жеке-жеке мақалаларда бір-бірімен байланыссыз түрде көрсетіледі. Л.Будаговтың сөздігінде “жырау” сөзі “йыр”, “ыр”, “жырламақ”, “йырламақ”, “йырлычы”, “жырлачы”, “йырлачы”, т.с.с. сөздермен қатар көрсетіледі. Осыған қарап, Л.Будаговтың “жырау” сөзін “жыр” түбірінен шығарғандығы туралы қорытынды жасауымызға болады.

Ежелгі түркілер “йырағу” деп жыршыны, өлеңшіні айтқан. Бұл атаудың осы мағынасы орта ғасыр түркілерінің де тілінде сақталғанға ұқсайды. Лүтфидің “Гүл уа Наурыз” атты дастанындаф: “Йыраулар саф уа сақилар гүләндәм” (“Саф таза жыраулар мен гүл жүзді шарап құюшылар”) деген жол кездеседі.

Татарлар “жыр айту” дегенді “жыру” деп айтады. Татар жазушысы әрі фольклор білгіші Нақи Исәнбәт: “Жырчы” – бұрынғыша “жырау”. Жыр, дастан айтушылар осылай аталған… “Жырчы” сөзі де осы түбірден жасалған… Тоқайда: “Мин кунакчыл бер жыручы, миндә бар ярлыгидай”, — деген сөз кездеседі”, — деп жазады. Монғолдар “әнші”, “сайраушы” дегенді “жиргээч” деп айтады. Демек, “жырау” деген атау “йыр/жыр” сөзінен “йырағу/жыру” формасы арқылы жасалған сөз деп айтуымызға әбден болады.

Тіл тарихында бір-бірімен қоңсы отырған халықтар тілінде өзара сөз ауысуы нәтижесінде жат тілді халықтарда белгілі бір халықтар тілінің көне сөздері мен сөз түрлерінің сақталып қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, түркілердің “зат”, “нәрсе” мағынасындағы ежелгі “табар” (“тавар”) сөзі “товар” түрінде, финн-угорлардың “балық” мағынасындағы “урба” сөзі “рыба” түрінде орыс тілінде, финн-угорлардың “жұрт”, “халық” мағынасындағы “йүз” сөзі “жүз” түрінде (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) қазақ тілінде сақталып қалды. Түркілермен тығыз байланыста болған және ғасырлар бойы түркілердің мәдени ықпалында болған армяндардың тілінде “жырау”, “жыршы” мағынасын білдіретін “ата”, “деде” сөздері сақталып қалып отыр. Түркілер Қорқытты “ата”, “деде” деп атап жүр. Ендеше “Қорқыт ата”, “деде Қорқыт” сөздерінің түпкі мағынасы “қорқыт жырау”, яғни “насихат, өсиет айтушы жырау” деп айтуымызға хақымыз бар сияқты…

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.