Жыраулық өнер

Главная » Рефераттар » Жыраулық өнер

Көшпелі өмір аясында қалыптасып, хандық дәуірде айрықша дамыған мәдениет саласы — жыраулық өнер. Оның басты репертуары — көлемді жыр (эпос), толғау, терме жанрлары. Кейіндеу туса да терме мен желдірмені музыкалық-эпикалық дәстүр аясында қарастыру орынды. Музыкалық — эпикалық дәстүр- 7 — 8 буынды жыр мен музыкалық — речитативтік мақам-сазға негізделген   өнер арнасы. Мұнда  кең ауқымды созылмалы әуендер болмайды. Әрбір сөз буынына сай келетін музыкалық үн — ырғақ болады. Оны ғылым тілінде «слогонота» деп атаймыз, Тақпақ сазды речитативтік әуеннің келесі бір ерекшелігі — дыбыс ауқымының (диапазоны) мөлшерлі болуы. Мақам бір биіктік деңгейінде дамып, жылдам орындалады. ХV-ХVІІІ ғасырларда ерекше дамыған жанр — музыкалық эпос. Олай дейтініміз, бірде-бір эпостық жыр музыкалық әуенсіз орындалмаған. Речитативтік әуен эпостың ажырамас бір бөлігі. Эпос дегеніміз кешегі өткен ата — бабаларымыздың ерлік, елдік істері туралы көлемді жыр-дастандар. Жанры жағынан эпосты көне, қаһармандық, романдық, дастандық, тарихи деп жіктейміз. Олардың әрбіріне тән музыкалық сарындары бар. Әрқайсысының өмір шындығын көрсетудегі өзіндік ерекшеліктері мен мүмкіндіктері тағы бар. Жалпы хандық дәуір музыкасын зерттеп, игеру арқылы қазақ музыкасының қалыптасуы туралы толық мағлұмат алуға болады. Бұл кезеңдегі музыка мәдениеті — халқымыздың үн –әуені, толғанысы, сүйініші мен күйініші. Жыр жанрына тән түрлі көркемдік кестелер оның музыкалық әуенінің де жетіліп, дами түсуіне елеулі ықпал еткен. Сондықтан бұл кезеңдегі музыка мәдениетін синкреттік тұтастығы тұрғысынан қарастырған жөн. Көне дәуірлерден тамыр тартатын жыраулық дәстүрдің негізгі нысанасы — ел, тайпа, қоғам тағдыры, ата-бабаларымыздың ерлік, елдік іс — әрекеттерін кейінгі ұрпаққа жеткізу болып табылады. Жыраулық кәсіп — синкреттік құбылыс: әрі өнер, әрі дәстүр. Оның негізгі ерекшелігі — поэзия, музыка және орындаушылық шеберліктің бірлігінде. Жыраулық дәстүрдің өмір шеңдігі оның ел тарихы мен ата — баба тағылымына негізделуімен айқындалады. Батырлықты паш ететін, ел қорғау идеясына құрылған қаһармандық жырлар соның жарқын дәлелі. Ерлік рухына толы көне жыр-дастандар тайпа тарихына құрылып, ұрпақтан — ұрпаққа беріліп отырған. Бұл пікір олардың әдеби мәтіні мен музыкалық мақамына да қатысты. Жыраулық дәстүрді жапғастырудың маңыздылығы осы қасиеттері -тайпалық, халықтық, ұлттық сипаттарымен дараланады. Жыраулық дәстүрді зерттеп, ғылыми тұрғыдан игеру барысында бірқатар іс — шаралардың атқарылғаны мәлім. Зерттеушілер тарапынан «жыраулық дәстүр», «жыраулық поэзия», «жыршылық өнер» деген тіркестер де қолданылып келеді. Бірақ осы ұғымдар-дың бір-бірінен айырмасы, болмаса бір — бірімен сабақтастығы әлі күнге арнайы сөз болған емес. Халқымыздың тарихи, мәдени, фольклорлық мұрасы сөз болғанда алғаш ауызға ілігетін ұғымдардың бірі — дәстүр. Кең көлемде алғанда ол тарихи қалыптасып, ұрпактан — ұрпаққа беріліп отыратын әдет — ғұрып, салт — сана, ел естелігі, бір сөзбен айтқанда қазақ болмысының жиынтығы. Ғылыми — философиялық әдебиетте оған қоғамда ұзақ мерзім сакталатын мәдени — әлеуметтік мұра жиынтығы деген анықтама берілген. Екінші жағынан дәстүр — өнер мен поэзияның өмір сүру аясы. Ол әдетте ел тәжірибесіне сүйенеді Осыдан келіп дәстүрдің ұлттық сипаты деген ұғым туады. Бүгінде Қазақстанның кейбір аймақтарында ғана сақталып, оның өткеніне қатысты мәліметтер жеткізетін жыраулық дәстүріміздің ұлттық тарихымызға, мәдениетіміз бен өнерімізге, әдебиетімізге қатысы аса зор. Ата -бабаларымыздың рухымен жеткен сол дәстүрді дамытып, одан әрі жетілдіру міндеттері «Қазақстан Республикасында мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамасында» атап көрсетілген болатын. Оғыз заманында бой көрсеткен ұзандық өнердің кейінгі жыраулық дәстүрге арқау болғаны анық. Оғыз, қыпшақ, ноғайлы дәуірлеріндегі тарихи — этникалық үрдістер тайпа тағдыры, ел болашағын басты тақырып еткен жыраулық дәстүрдің өрісін кеңейтіп, бүкіл түркі дүниесіне паш етті. Арғы жерде Тоныкөк Қорқыттан бастау алатын бұл арна эпикалық дәстүрге ұласып, Еділ — Жайық бойындағы Асан — Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа т.б. жыраулар шығармашылығына арқау болды.

Бүгінгі қазақ топырағында әріден бастау алатын жыраулық дәстүрді сақтап, біздің заманымызға дейін жеткізген бірнеше тарихи — мәдени аймақ бар. Олар: Маңғыстау, Атырау алқабы, Сыр бойы және Жетісу өлкесі. Кең көлемде алғанда мұның үшеуі де оғыз тайпаларының орта ғасырлардағы  мекені.  Көне түркі дәуірінде Орхон-Енисей бойын мекендеген оғыздардың алғаш Жетісу, одан соң Сырдың ортаңғы ағысы мен Каспий жағына қарай қоныс аударғаны мәлім. Жағырафиялық негізде мұны батыс, оңтүстік және оңтүстік — шығыс аймақтар деп жіктесек, осылардың арасынан ІХ — Х ғасырлардағы оғыз мәдениетінің ізі сакталған Сыр өлкесін айрықша атауға болады. Мұндағы жыраулық өнерге тән негізгі ерекшелік — дыбысты таңдайға салып дірілдетіп шығару. Бұл дәстүрді ел арасында маңырама (аңырама) деп атаса, біз оның соңғы әдеби баламасын қолданғанды дұрыс деп білеміз. Аңырама үлгісін Қазақстанның өзге аймактарынан кездестіру қиын. Оның ізін тек қана түрікмен мәдениетінен табуға болады. Оғыз ұзандарынан жеткен бұл дәстүр әсіресе Тахтакөпір жағында тұратын түрікмен-саррыктарға тән екен. Олардың арасында «Саррық қойшысы — салыр бахшысына тең» деген сөз де бар. Қарға түйдік (сыбызғы) аспабында орындалған «Қиямат», «Апат» секілді түрікмен күйлері Қорқыттан қалған қобыз сарындарына өте ұқсас. Түрікмен ұғымындағы бахшы — жырау, яғни жыр -дастан айтушы. Олар жырдың ұзақ саласын бір деммен қайырғанда мойын тамырлары білеуленіп кетеді. Түрікмен бахшыларына тән бұл ерекшелікті кезінде В.Усленский мен В.Беляев жазған болса, дәл осы көріністі біз сырбойылық жыраулар бойынан да табамыз. Түрікмен бахшылары — секдірмек, қазақ жыраулары — аңырама деп атайтын дәстүр осы. Арғы жерде оғыз дәуірінен бастау алатын қазақ — түрікмен мәдениетінің тектестігін білдіретін мұндай ерекшелікті зерттеудің маңызы аса зор. Жыраулық дәстүрдің тегі мен табиғаты тұсында қолданылып жүрген тіркестердің шарттылықтары да жоқ емес. Мысапы, жыраулық поэзия, жыршылық өнер деген ұғым бойынша олардың бірі — бастауы, екіншісі — жалғасы болып шығады. Яғни, XVIII ғасырға дейін дамыған жыраулық поэзия, одан бергі жерде жыршылық өнерге ұласқан. Жыраулық дәстүрді бір ғана поэзия ұғымының аясында тусіну жетімсіз. Ол — синкреттік құбылыс, поэзия мен музыканың ажырамас бірлігіне негізделген жанр. Ал жыраулық поэзия — авторлық әдебиетке тән атау.

Хандық дәуір жағдайында поэзия жеке өнер саласы ретінде жіктеле қоймаса керек. Бұл кезеңде қобыз немесе домбырасыз жыр жырлап, толғау айтқан жыраулар болған емес. Олай болса бұл мәдени құбылыстың мәнін көрсетуде жыраулық поэзиядан гөрі жыраулық өнер деген тіркестің жарамдылығы айқын. Екіншіден, жыраулық поэзия мен жыршылық өнер — бір ұғымның түрлі стадиялық кезеңдеріне тән атау емес. Олар поэзия мен музыканың дараланып, жеке — жеке өнер салалары ретінде жіктелгенін байқататын тіркестер. Ал ХV-ХVIII ғасырлар жағдайында мұндай процестің жүзеге аса қоймағаны белгілі. Асылы музыкалық — эпикапық дәстүрге байланысты жыраулық өнер, жыршылық өнер деген тіркестерді қолданған жөн. Олардың стадиялық сипаты да айқын. Әрбір атау, әрбір термин қарастырып отырған құбылыстың табиғатына толық сай келгенде ғана оның болмыс — бітімін аша алмақ. Көне түркі дәуірінен бастау алатын жыраулық дәстүр XV -XVIII ғасырлардағы хандық дәуір мәдениетімен тұйықталмайды. Бұрын қазақ әдебиеті Бұқар жыраудан басталады деген пікір үстемдік еткен болса, бүгінде Бұқар — қазақтың ең соңғы жырауы деген пікір жиі естілуде. Алғашқысының өтпелілігі қазірде толық дәлелденген болса, соңғы пайымдаудың да осалдығы байқалуда. Оның басты себебі жырау тұлғасының ерекшелігін бір  — ақ белгісі – хан — хакімдерге қаратып сын айтуынан іздеуде ме дейміз. Жырау типін XVIII ғасырмен шектеу — қазақ мәдениетінің дамуын жасанды түрде тоқтатып қоюмен пара — пар іс. Ел, халық, қоғам, мәдениет бар жерде жыраулар неге болмасын. Ғасырлар бойы дамып келген дәстүрдің XVIII ғасырмен шорт үзілуі күмәнді. Дәстүрдің кез келген көрінісі қоғам дамуының тиісті сатысына сай жетіліп, түрленіп отырса керек. Арғы жердегі көне түркі жазба мәдениеті болмаса орта ғасырлардағы «Қорқыт ата кітабы», «Құтты білік»,«Диуани лұғат — ат түрк» жазба ескерткіштерінің тууы да екіталай. Жыраулық дәстүрге де осы тұрғыдан қараған жөн. XVIII  ғасырға дейінгі жыраулық өнер болмаса, ХІХ-ХХ ғасырдағы жыршылық өнер де тумақ емес.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.