Зоогеографияның дамуы

Home » Рефераттар » Зоогеографияның дамуы
Рефераттар Комментариев нет

Зоогеография ғылым ретінде XIX ғасырда қалыптасты. Оның ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы биология жəне география, олардың акамезон салаларында жинақталған деректермен шарттасады. Аса ірі биолог жəне зоогеограф ғалым М. А. Мензбир отандық əдебиеттерде алғаш рет (1882 жылы) Жер бетіндегі органикалық əлемнің пайда болуы мен дамуы туралы мəселеге қатысты ғалымдардың пікірін білдіретін зоогеографияның даму кезеңдерінің төрт сатысын бөліп көрсеткен. Осы сатыларға бөліну негізінен тұтасымен биология тарихына жатады. Мензбир оларды төмендегідей саралады:

  1. əлемнің жаратылуы туралы библияның догмалық шындығына соқыр сенім кезеңі;
  2. əлем апаты теориясының өктемділігі кезеңі;
  3. əлем апаты теориясынан бас тарту жəне көкейкестілік ұстанымының таралу кезеңі;
  4. эволюция туралы Дарвиндік ілімнің жеңісі кезеңі. Американдық биогеограф, оның ішінде Л. Стюарт (1957 жылы), зоогеография тарихындағы үш сатыны ерекше атап көрсетеді.

Оның бірінші сатысы К. Линней жұмыстарымен тығыз байланысты болып, жануарларды жүйелеу негіздері қалды. Бірінші сатының ұзақтығы жүз жылға созылады. Осы сатыда жануарлардың түрлі топтарының жер бетіне таралу ерекшеліктері сипатталады. Сонымен қатар, жануарлардың аудандарды мекендеуінің алғашқы қадамдары жасалды, яғни зоогеографиялық облыстардың пайда болуы осы сатыда қалыптасты.

Екінші сатыда Ч. Дарвиннің эволюциялық ілімі пайда болды. Осы сатыда зоогеограф ғалымдар жануарлардың географиялық таралуын зерттей отырып, оның түрлерінің (фаунаның) өзіндік ерекшелігін эволюциялық теорияны негізге алып сипаттайды.

Үшінші саты, демек, XX ғасырдан бастау алатын жəне ары қарай жалғасып келе жатқан уақытта зоогеографияның экологияландырылуымен сипатталады, яғни жануарлардың мекендеу ортасын зерттеді жəне жануарлар организмі мен оны қоршаған ортамен əрекеттесуін ескерді. Осы сатыда Г.  Мендель ұсынған  генетикалық принциптердің биогеографияға əсері қарастырылды.

Зоогеография тарихын нақтылауды жəне оны мерзімдеуді кеңестік дəуірдегі биогеограф ғалымдар А. Г. Воронов (1963 жылы) жəне Г. В. Наумов (1969 жылы) Мензбир көзқарасына сүйеніп жасады. Осы жетістіктер зоогеографияның тарихи дамуының негіздеріне саналады. Зоогеографияның алғашқы тарихына тоқталып өтелік. Аристотельдің (б.д.д 384-322 ж.ж.) еңбектерінде 500 жуық жануарлардың түрлері сипатталады, сонымен қатар географиялық ортаның баяу жүретін өзгерістері туралы оның пікірлері, құрылық бетінің кейбір бөліктерінің көтерілуі басқа бөліктердің түсуіне алып келетіні, осыған ұқсас жер бетінің ғасырлық тербелісі мен оған байланысты климаттың өзгеруі қызықтырды. Географияның дамуы Эратосфен (б.д.д 275-194 ж.ж.) жəне Страбон (б.д 63-20 ж.ж.) ғалымдарының есімімен байланысты, олар жер бетінің кейбір бөліктеріндегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сипаттады. Рим империясының дəуірлеген кезінде Аға Плинияның (б.д. 2379 ж.ж.) «Жаратылыс тарихы» атты көптомдық еңбектері жарық көрді, оның екі томы тірі организмдерге арналған. Бұл еңбектердегі жаңалық аз болды. Оның еңбектері сол Аристотель жұмыстарынан алынған мəліметтерді құрады, бірақ ол жоқ организмдер туралы фантастикалық аяндарды хабарлаған. Христиандық шіркеудің б.д. V ғ. үстемдігі жəне Рим империясының құлауы ғылымның құлдырауына жəне антикалық ғалымдар мұрасының жойылуына əкелді. Шығыста тек қана арабтар осы антикалық  өркениеттен  қалған білімді сақтап, оның дамуына өз үлестерін қосты. Осындай қажырлы еңбектердің қатарына тəжік ғұламасы Əбу-Əли ИбнСинаның (980-1037) жұмыстары жатады. Ол өзінің «Канон» атты еңбегіне сол уақыттағы белгілі болған  барлық жаратылыс-ғылыми білімдерді жəне Орта Азия жануарлары туралы құнды мəліметтерді жинақтады. Қайта дəуірлеу кезеңінде (XIII-XVI ғғ.) адамзат өмірінде мəдени төңкерістер болды, ол өз кезегінде түрлі елдердің нарықтық қатынастарын кеңейтті. Осы уақытта географиялық білімге деген қызығушылық басым болды. Италяндық Марко Поло өзінің моңғол хандығына барған сапарында Орта Азия жерінен өтіп, үш ел мен оның халықтары туралы жазбалар қалдырады. Ол осы саяхатқа 24 жылын (1271-1295) арнайды, оның жазбаларында Азия табиғаты мен оны мекен еткен жануарлар туралы сенімді мағлұматтар жазылған. Орыс саяхатшыларын да атап кетелік. Олар Сібірдегі жануарлар əлемі, негізінен қымбат терілі аңдар туралы алғашқы білімдерді жинақтады. Сондай аңдардың бірі бұлғынның таралуы туралы мəліметтерді сол кездегі қызмет жасаған адамдардың жазбаларынан білеміз. Байкал өңірінің фаунасы туралы алғашқы мəліметтерді, оның ішінде нерпа туралы Василий Власьев, ал сібір жануарларының толық тізімін, ондағы бұғы, бұлан, ешкі, түлкі, құндыз, россомаха жəне басқаларын Савва Есипов жазып кеткен. Алғашқы ізашарлар Сібірдің солтүстік-шығысындағы морждардың мекендерін тапты. 1665 жылы Юрий Селиверстов Анадырь өзеніндегі қызыл балықтың миграциясын сипаттап жазды, теңізден келетін қызыл балығы өзеннің бастауына барып, уылдырық шашып өлетінін көрсеткен. Владимир Атласов болса, осы өзендегі қызыл балығымен бұлғынның, түлкінің жəне камшаттың қоректенетінін жазған. Осы жазбалар нағыз фауналық естеліктерге айналды. Сібірде 15 жыл (1661-1676) болған Юрий Крижанич «Сібір тарихы» атты еңбегін жазды, онда ол оның үш аймағын – тундра, тайга, даланың климаттық жайына орай өсімдіктері мен жануарлар əлемін сипаттаған. Бұл жұмыс сібір бойынша алғашқы биогеографиялық еңбек болып саналды. 1605 жылы Виртсген Британия аралдарының жəне еуропалық континент фаунасына талдаулар жасау нəтижесінде Англия, Солтүстік жəне Батыс Европа жануарларының бірыңғай ұқсастығы туралы орынды қорытынды жасады. Виртсген осы ұқсастықты континенттердің жақын орналасуынан, яғни су басқанға дейінгі біртұтас аймақ болғанынан деп түсіндірді. Осындай жұмыстарды 1660 жылы ағылшын капитаны Симпсон жүргізді. Ол Фолкленд аралдарын зерттеп, ондағы кеңінен тараған түлкілерді оңтүстікамерикалық түлкілермен салыстырды. Олар ұқсас болып шықты. Симпсон алдыңғылар сияқты Фолкленд (Мальвин) аралдары бір кездері Оңтүстік Америкамен біртұтас болған деген қорытындыға келеді. Осы екі қорытынды сол уақытта елеусіз қалған. XVIII ғ. өзінде де организмдердің географиялық таралу деректері əлемнің пайда болуының діни догмалық көзқарастарымен түсіндірілетін. ғ. басында бірнеше ғылыми экспедициялардың еңбектері жарық көрді. Оның ішінде Витус Берингтің екінші камчаткалық экспедициясы (1733-1743) ерекше орын алады. Осы экспедицияға қатысқан Г. Стеллер сібірлік фауна мен флорасын зерттеді. Ол алғашқылардың бірі болып, Командор аралындағы таяз суларындағы дюгон тектес сүтқоректі жануары – теңіз сиырын сипаттады. Ал С. П. Крашенинников Камчатка табиғатына, ең алдымен оның жануарлар əлеміне сипаттама берді. Натуралист И. Гмелин, Петербор ғылым академиясының мүшесі 1733-1743 ж.ж. Байкалдың шығысы мен Лена өзенінің бассейндерін зерттеді. Ол ең алғаш рет Сібірдің Батыс бөлігі мен Шығыс бөлігінің бір-бірінен ерекшеленетініне назар аударды жəне оның ерекшелік шекарасын Енисей өзенінің бойымен бөлді.

Зоогеографияның дамуының алғашқы кезеңінде, яғни XVIII ғ. ортасында көптеген натуралист-зерттеушілердің еңбектері жарияланды. Олар Карл Линней (1707-1778) жануарлар мен өсімдіктердің ғылыми жүйесінің негізін қалаушы ғалымның еңбектерінде жинақталып қорытындалды. Бірақ ол əлемнің пайда болуының библиялық ілімін жақтаушы ретінде, яғни жұмақтағы аңдардың жерде пайда болуының діни сеніміне сүйеніп, жануарлардың таралу ортасы Тигр иен Евфрат өзендерінің аралығы деп санады. Линней тропиктік аралдардағы ең биік тауда жануарлар жаратылды деді. Осы таудың етегінде, Линей бойынша, тропиктік жануарлар, тауға биіктеген сайын əрбір белдеудің өз жануарлары, демек жоғарғы бөлігінде қоңыржай аймақтың, одан жоғарыда полярлық аймақтың жануарлары жаратылды деп айтты. Сол  арал материкпен қосылғанда, барлық жануарлар өзінің ендіктерін бойлап, жердің климаттық зоналарына тараған деседі. М. В. Ломоносов жер шарының даму тарихы туралы идеяны, демек, Жер қабатының таралуына байланысты органикалық əлемде солай таралған деп алғаш айтқан ғалымдардың бірі болды. Мысалы, ол тау басынан қазылып алынған теңіз моллюскалар осы ауданда бір кездерде теңіз бассейндері болғанын білдіреді деп санады. Зоогеография дамуының осы тұсында жер шарының түрлі ірі аудандарындағы фауналық сипаттамалары пайда болды, бұдан неліктен фауналар түрліше, оның себептері қандай деген сұрақтар туындады. Жануарлар əлемінің өзгерісі Жер шарындағы геологиялық өзгерістерімен параллель жүреді деген болжамдар болды. Осы мерзімдер фауна алмасуы жəне түрлердің эволюциясы туралы болжамды нақтылайтын материалдың жинақталу уақыты болды. Зоогеографияның дамуының екінші кезеңі XVIII ғ. аяғы мен ХІХ ғ. бірінші жартысын қамтиды. Осы мерзімді апаттар теориясының үстемдік еткен уақыты деп айтады. Жинақталған мол палеонтологиялық деректер жер бетіндегі жануарлар жəне өсімдіктер əлемінде көптеген өзгерістердің болатынын көрсетті. Библиялық догма идеясы жаратушы туралы актілермен ымыраға келу үшін апаттар теориясы пайда болды, демек, жаратушы өзі əрбір геологиялық дəуірге сəйкес органикалық əлемді жаратып, арнаулы түрде жаңаша жаратады, яғни орасан күрделі əлем апатынан кейін тірі жандардың бəрі жойылып, оның орнына жаңа нəрселер пайда болады деп түсіндірді.

XVIII ғ. соңындағы ғылымның ең бір көрнекті өкілі Жорж Бюффон (1707 – 1788) көптомдық «Жаратылыс тарихы» еңбектің авторы бола отырып, жер бетіндегі өзгерістердің шапшаң жүретінін, жануарлар мен өсімдіктердің таралуының құрылық пен сулардың орналасуына байланысты екенін, тау жоталарының жəне үлкен су кеңістігінің жануарлардың таралуына шектеу болатынын мойындады жəне аса маңызды биогеографиялық қағидаларды айтты. Солай бола тұра, ол апаттар теориясын құптады, алдыңғы дəуірдің органикалық əлемін жоятын алып  апаттармен  өзара  бөлінетін геологиялық жеті дəуірдің болуы туралы мəлімдеме жасады. Шындығында, Бюффон түрлердің толық жойылмайтынын білді, кейбір түрлердің белгілі бір бөліктері жаңа түрлер есебінен толықтырылатынын айтып кетті. Зоогеографияның алғашқы даму  кезеңдеріндегі  Ж.  Бюффон, П. Паллас жəне Е. Циммерман еңбектерінде фауналық немесе аймақтық деп аталатын бағыттың негізі қаланды. 1777 жылы неміс ғалымы Е. Циммерман «Зоологиялық география тəжірибесі» атты кітабын жарыққа шығарды, мұнда жануарлардың көшіп-қонуы туралы мəліметтерді жинақтады, «зоогеография»  мен  «географиялық  зоология»  терминдерін  алғаш    енгізді. Циммерман бойынша «зоогеография» термині жер бетін зерттеуді ондағы жануарлардың мекендеуі тұрғысынан, келесі «географиялық зоология» терминін жануарлардың таралу себептерін айқындау барысында алғашқылардың бірі болып қарастырады. Зоогеографияның міндеттері ретінде Циммерман қазіргі жəне өткен уақыттағы жануарлардың таралуын түсіндіру, таралу ортасын анықтау деп санады. Линейге қарағанда ол əрбір түрдің өзіндік шығу тегінің, ортасының болатынын пайымдады. Расында, Циммерман ғылым ретінде зоогеографияның қалыптасуының негізін қалады. Зоогеографияның  дамуына  ресей  ғылымдарының  академигі П. Паллас (1741-1811) өзіндік қомақты үлес қосты, ол өзінің шəкірттерімен бірге Ресейдің европалық шығыс бөлігіне  жəне Сібір мен оның басқа да территориясына көптеген саяхаттар жасап, оның фаунасы мен флорасы бойынша ірі деректі материалдарды жинақтады. Паллас жануарлардың мекендеу жəне оның таралу аймақтарына ерекше назар аударды. Ол экологиялық зерттеулерді алғаш қолданған биогеографтардың бірі болып табылады. Осы уақытта И. Миндинг (1829), А. Вагнер (1844) жəне т.б. ғалымдар алғаш рет табиғи фауналық облыстарды айқындады.

Зоогеографиялық зерттеулердің нəтижесі ретінде Л. Шмарданың (1853) «Жануарлардың географиялық таралуы» атты еңбегі шықты. Бұнда фауналардың үлестірілуі факторларының барлық көптеген белгілі деректері жинақталды.  Шмарда зоогеографиядағы экологиялық бағыттың іргетасын қалаушылардың бірі болды, себебі ол жануарлардың таралуына жарық, температура, тамақ жəне т.с.с. қоршаған орта факторларымен шарттасатынын көрсетті. Теориялық тұрғыдан қарағанда ол апаттар теориясын жақтаушылардың бірі болып, эволюция идеясын жақтамады,  тіпті Дарвиннің еңбегі жарияланса да оны мойындамады. Үшінші кезеңнің басында (XIX ғ. ортасында) ғалымдар апаттар теориясынан бас тарта бастады. Көптеген ғылыми еңбектерде Жер бетінің эволюциялық көрінісі туралы біртінді ойлар пайда болады. 1832 жылы ағылшын геологы Ч. Лайелдің (1797-1875) «Геология негіздері» атты кітабы шығады. Ондағы жазулар апаттар теориясына қатты соққы берді жəне Дарвиннің ғылыми эволюциялық теориясын жасауға негіз болды. Лайель жердің жасын есепке алып, жер бетінің өзгерістері үшін тосыннан келетін алып апаттардың немесе жоғарғы күштердің болу қажеттілігі шамалы деп айтты, ол бірден көзге түспейтін үрдістердің біртіндеп пайда  болуына  назар аударды, мысалы: орлардың түзілуіне, жағалаудың су шайып кетуіне, тас жыныстарының күн саулесі, жаңбыр, жел əсерінен бұзылуына жəне т.б. күнделікті болатын процестердің болуын, олардың мың-миллион жылдардан кейін жер бедерінің өзгерісіне алып келетінін, құрылықтың орнын су басатынын негізге  алды. «Бүгінгі күн өткенді түсінудің кілті» деген пікірді айтқан осы Лайель болды. Жердегі болып жатқан өзгерістерді зерттеу үшін  алдымен өткен геологиялық дəуірдегі қоршаған ортының жағдайлары мен үрдістерінен алынатын пайымдауларды жинақтау жеткілікті. Сондықтан Лайель қазылып алынған фауна құрамын есепке алып, ондағы өзгерістердің жылдам болу себебін алып апаттармен емес, ғасырлық құрылық пен теңіз тербелісінің салдарынан болатынын жəне жануарлардың да таралуын осы тұрғыдан түсіндіреді. Ол өткен кезеңдердегі фауна қазіргі кезедегімен генетикалық тұрғыдан бірі-бірімен тығыз байланысты деп көрсетті. Осы көзқарас «көкейкестілік принципі» деген атауға ие болды. Лайель бірден болмаса да, Дарвиннің жақтаушыларының бірі болды.

Лайелдік идеяға ұқсас пайымдаулар одан бұрында болды. 1822 жылы орыс академигі К. М. Бэр «Жер бетінде өмір қалай дамыды» деген баяндамасында табиғаттың төменгі сатыдан жоғарғы сатыға қарай дамитыны туралы болжамдарды ұсынды. Оның пайымдауы бойынша адамзат тарихынын ежелгі көне болады, ал жануарлар əлемінің тарихына қарағанда жер бетінің тарихы көнелеу келеді деген. Бэр 1834 жылы жануарлардың эволюциясына сүйене отырып, онымен олардың географиялық таралуын байланыстыра қарастырады.

Ағылшын биогеографы Э. Форбстың «Британ аралдары фаунасы мен флорасының тарала үлестірілуінің жəне геологиялық өзгерістерінің делювия дəуірімен  арасындағы  байланысы туралы» (1846) кітабында көкейкестілік принципінің іске асырылғаны баяндалады. Форбс биогеографияның алға дамуын бірнеше ондаған жылдарға зерттеудің заманауи тəсілдерін қолданып, алдын ала анықтап кетті. Фауна генезисін айқындау үшін ол геологиялық деректерді қазіргі заманнан өткен заманға қарай зерттеуді ұсынды. Оған дейін геологиялық деректер бұрын өткен заманнан қазіргі заманға қарай түсіндірілген болатын. Форбс Британия аралындағы организмдердің түрлік құрамында ежелгі əртүрлі бес типтік флора мен фаунаның іздерін тапқан жəне олардың типтерінің миоценадан бастап, біртіндеп бірін-бірі алмастырғанын дəлелдеді. Өсімдіктер мен жануарлар түрлері қатарының пайда болуын Британияның бұрынғы Франция, Испания жəне Скандинавиямен материктік байланысы арқылы түсіндірді. Форбс Британияның теңізбен қоршалған фаунасы мен флорасын алғаш зерттеген биогеографтардың бірі болды. Осы уақыттағы биогеография ғылымының ірі өкілдерінің бірі швейцарлық ботаник Альфонс Декандольский болды. Ол зоогеография мəселелерін қарастырмағанмен, оның ұсынған əдіснамасы ботаниктер мен зоологтар үшін аса қызығушылық туғызды. Декандоль Форбстың əдістеріне сүйене отырып, өсімдіктердің таралуын жəне үлестірілуін қоршаған ортаның жағдайларын есепке алып зерттеді жəне зерттеудің жаңа əдісін ұсынды. Ол қазіргі таңдағы физикалық шарттар белгілі бір құбылыстарды талқылау үшін жеткіліксіз болған жағдай ғана геологиялық деректерге сүйену керек деп санады. Декандоль флоралық аймақтарды анықтау үшін негізгі жəне сенімді материалдар ретінде ареалдар түрлерін терең зерттеу қажеттілігін атап көрсетті. Декандоль өз бақылаулары нəтижесін атақты «Өсімдіктер географиясы» (1855) атты туындысында жариялады, ол биогеография дамуының дарвиндік кезеңге дейінгі көрнекті шығармаларының бірі болып табылады. Төртінші кезеңде (XIX ғ. 60 жылдары) биогеография организмдердің таралуын ғылыми тұрғыдан түсіндіретін болды. Дегенмен, XIX ғасырдың бірінші жартысында Ламарктың «Табиғат философиясы» (1809) кітабындағы дəлелді дəйектерге қарамастан, эволюциялық процестердің үзіліссіздігі, қазіргі фауна ежелгі жойылып кеткен фаунадан шығатыны туралы түсініктер көптеген ғалымдар үшін жат болып көрінді.

Дарвиннің «Түрлердің тектік шығуы» (1859) атты еңбегі жарияланған соң, тек эволюциялық ілім арқылы ғана жануарлар мен өсімдіктердің қазіргі кездегі таралу  себебін  түсіндіруге  болатыны анықталды, өйткені өздері мекен еткен физика-географиялық жағдайлары сияқты организмдерде баяу жəне тұрақты өзгерістерге ұшырайды. Осыдан түрлік өзгерістер қоршаған орта өзгерістерімен тығыз байланысты деген қорытынды шығады. Дарвиннің эволюциялық түрде дамуын дəлелдейтін жаңа идеялардың шығуы биология ғылымдарының, əсіресе биогеографияның күрт дамуына əкелді. Оңтүстік Африканың маңындағы аралдардағы жануарлардың таралуы сипатын зерттей отырып, Дарвин мынадай қорытындыға келеді: уақыт өткен сайын түрлік өзгерістердің болатынын түсіндірді, аралды мекен еткен түрлер айырмашылығы неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым олардың географиялық ажырау ерекшеліктері ұзақтау жəне анағұрлым маңыздырақ болады. Дарвин биогеография ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосты, ол эндомиялық түрлердің жəне өзіндік түрдегі фауналардың қалыптасуы үшін географиялық кедергілердің маңызды рөл атқаратынын Галапагос аралдары фаунасының мысалы негізінде көрсетті. Ол организмдердің территорияға кездейсоқ келуінен мүмкін болатын, яғни желмен, ағыстармен, жыл құстарының келуімен жəне басқа да жағдайлармен мекендейтінін де дəлелдеп берді. Əрбір түрдің тектік шығуының бірыңғай орталығы болатыны туралы заңдылықтарды нақтылап шығарды жəне оның  дұрыстығын  растады.  Бірыңғай түр мекен еткен ареалдар бөліктері арасындағы алшақтықты оның аралық аудандарындағы тектік түрлерінің жойылуымен түсіндірді. Дарвиннен кейін ғана фаунаның эволюциясын зерттейтін зоогеографияның тарихи (генетикалық) деп аталатын бағыты дами бастады. Тарихи зоогеографияның дамуы К. Рютимейер жəне А. Уоллес еңбектерінен бастау алды. Рютимейердің (1867) «Жануарлар əлемінің шығу тегі туралы» еңбегінде қазіргі кездегі палеонтологиялық деректер мен мəліметтер негізінде жануарлардың жер бетіне таралуын ежелгі түрлі фауналық қабаттарды бөліп көрсетті. Ең ежелгі фауна ретінде Əлемдік мұхит алынды, ол өмір бесігі деп саналды, одан тұщы су мен құрлықты мекендеушілер шықты деп дəлелді. Құрлықтағы фауналардың ішіндегі ең ежелгісі ретінде мезозой фаунасының біржынысты жəне қалталы өкілдері кездесетін аустралиялық фауна қарастырылды. Жас фауналарға Рютимейер (үшінші жастағы) африкалық жəне үнді фауналарын жатқызды, ал ең жасы Солтүстік Америка жəне Ескі əлем дүниесінің солтүстігіндегі өзгеріске аз ұшыраған мұзды фауна болып саналды. Дарвиннің аса көрнекті жақтаушысының бірі Уоллес организм эволюциясының басты факторы ретінде табиғи сұрыптау идеясына дербес түрде келіп, «Жануарлардың географиялық таралуы» (1876) атты екітомдық кітабын шығарады, ол онда бұрыңғы түрлердің  таралуы  туралы  көлемді  зоогеографиялық материалдарды жəне палеонтологиялық деректерді жалпылады.  Уоллес Декандоль қолданған əдіс-тəсілдерді пайдаланды, яғни түрлер мекен еткен ареалдарды жəне жердің түпкірлеріндегі түрлі фаунадағы ең жоғарғы таксономикалық бірліктерді (тегін, тұқымдарын) олардың шығу тарихын ескеріп зерттеді. 1875 жылы П. Склэтер статистикалық əдіс арқылы жердегі табиғи зоогеографиялық облыстарды анықтады. Жүйеленбеген ұсақ зоологиялық облыстарға бөлудің орнына белгілі бір экологияфауналық қауымдастықты білдіретін облыстардың ішінен ең ірі аумақтар іріктелініп алынды. Зоогеографиялық облыстарды іріктей отырып, Склэтера, Уоллес негізгі алты фауналық  қауымдастықты  бөліп  көрсетті, оларға Палеарктикалық, Эфиопиялық, Шығыстық (Үнді-Малайлық), Аустралиялық, Неотропикалық жəне Неарктикалық фауналары жатады. Олардың əрқайсысы бірнеше ішкі облыстарға бөлінеді. Уоллесті тарихи зоогеографияның негізін қалаушы деп санайды, шындығында бұл жетістікке ол Рютимейермен бірге жетті. Дегенмен Уоллес организмдердің таралуына əсер ететін экологиялық деректерге аз көңіл бөлді.

Экологиялық зоогеография негізін қалаушы ретінде тиесілі орынды ресейлік Н. А. Северцов (1827-1885) алады. Дарвинге дейінгі уақытта шыққан «Воронеж облысындағы аң-құс жəне басқалардың тіршілігіндегі құбылыстардың қайталануы» атты монографиясында (1855) Северцов айрықша əдістерді қолданып, мекен ететін жəне сонда даму ортасы болып табылатын фауна ерекшелігі мен физика-географиялық жағдайлардың (климат, топырақ жəне т.с.с.) тығыз байланысы анықталды. Жануарлардың таралуы мен миграциясы қазіргі таңда тек қана экологиялық деректермен түсіндіріледі. Северцовтың Ортазияға жасаған экспедициясынан жинақталған келесі ірі жұмыстарының бірі «Түркістан жануарларының вертикальді /тігінен/ жəне горизонтальді /көлденең/ таралуы» (1873) атты еңбегінде мынадай қорытындыға келеді: жануарлардың осы таңдағы таралуы қазіргі заманмен емес, ежелгі өткен замандағы географиялық жəне физикалық жағдайларды көрсететін геологиямен тығыз байланыста түсіндірілуі  қажет  дейді. Ол жануарлар топтарының шығу тегіне жəне содан соң таралуына қарай, ортаазиялық, евросібірлік, оңтүстік азиаттық жəне т.б. аудандарға бөлді. H. А. Северцовтың еңбектерінде зоогеографияның экологиялық жəне тарихи бағыттары біріктіріле қарастырылды. Экологиялық принциптерге сүйеніп, ол ландшафтық зоналар – тундра, тайга, аралық, далалық жəне жағалаулық зоналарын негізге алып, Палеарктиканы зоогеографиялық аудандарға (1877) бөлді. Уоллес пен Северцов эволюциялық зоогеографияның негізін қалаған ғалымдар деп саналады. Северцовтың көрсеткен бағытын оның шəкірттері М. А. Мензбир мен П. П. Сушкин дамытты.

Мензбир (1855-1935) зоогеографиялық əдіс ойлап тапты, оған сүйеніп əрбір зоогеограф алдымен түрлік құрамдарын қазіргі заманнан өткен заманға қарай зерттеуі қажет. Аудандарға бөліктеу кезінде сол аймақтағы мекендейтін түрлердің бар не жоқ болуын басшылыққа алады. Фауна бойынша іріктелінген зоогеографиялық бірліктері түрліше болуы керек, себебі əр елдегі фауна бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Зоогеографиялық аудандастыру приципі негізінде Мензбир төмендегідей зоогеографиялық бірліктерді көрсетті: облыс, ішкі облыс, шет аймақ, округ, бөлімше, мекені. Облысты іріктегенде фаунаның молшылығын жəне өткен тарихын есепке алды. Ғалым оданда ұсақ бірліктерді қазіргі таңдағы фаунаның жай-күйіне қарай алды, фауналар біркелкі жас шамасында болғандықтан, олардың дамуындағы түрлі сатылар маңызды рөл атқарады. Фауналар құрамындағы ерекшелік ауыспалы жолақтар арқылы емес, бірліктердің тіршілік ету ортасын салыстыру барысында анықталады. П. П. Сушкин (1868-1928) зоогеографияның экологиялық жəне тарихи бағытын үйлестіре отырып, Сібір жəне Орталық Азия фауналарының эволюциясының көрінісін жасады. Ол құрлықтағы фаунаның қалыптасу орталығының бар екенін, ол Азияның солтүстік-шығысында орналасқан əрі Азияның солтүстік-шығысын Солтүстік Американың солтүстік-батысымен қосатын Берингия деп болжады. Оны осы материктердің солтүстігіндегі фауналардың ұқсастығымен түсіндіреді. Сушкин болжамын ары қарай Б. К. Штегман дамыта жалғастырды. Штегманның «Палеарктикалық облысының орнитологиялық бөліну негіздері» атты жұмысы (1938) зоогеографиялық аудандастыру қиындығын құрлықтағы шекаралық сызықтарды жүргізу арқылы жеңілдетеді. Зоогеографияның негізгі құрылымы ретінде еркін жəне статикалық түрде жүргізілген  аймақтық бірліктер емес, уақыт жəне кеңістік бойынша өзгеретін əрі бірге  тіршілік ететін не қарама қарсылықта болатын «фауналар типіне» қатысты бірліктер қарастырылады. Ол екі фаунаның бір-біріне өзара енген облыстарын картада сəйкес түспен бояп көрсетті. Осыған ұқсас ұсыныстарды зоогеограф В. Рейнигте ұсынды, «фауна типі» (немесе «фауна шеңбері» термині көбіне шетел зоогеографтары қолданылады) ортақ таралу ортасына енетін түрлер кешенін айтады. Северцов бағытын ұстанған жəне оны дамытқан ірі энтомолог ғалым А. П. Семенов-Тянь-Шанский болды. Ол Палеарктиканы зоогеографиялық бөлімшелер мен оны шет аймаққа дейін бөліктеген сұлбалық негізін жасады. Северцовтың анықтап кеткен Палеарктика ландшафтын жіктеуді Л. С. Берг жануарлар мен өсімдіктер кешендерімен байланыстырды. Ол тұщы судағы балықтардың таралуы негізінде алғашқы болып Палеарктиканы аудандастырды. Зоогеографиялық кейбір қайшылықтардың қатарын шешіп берді. Мысалы, «Организмдердің биполярлық таралуы жəне мұз дəуірі» атты мақаласында (1920) биполярлық туралы ілімді биогеографиялық жəне палеогеографиялық бағытта дамыта ұсынды. Теңіз жануарларының ареалдар қатары Солтүстік жəне Оңтүстік жартышарында тропиктік аралықтармен бөлінген қоңыржай ендіктерде орналасқан. Осындай бытыраңқы орналасуларды Берг мұз дəуірінің өту жағдайларымен түсіндіреді. Амфибореальдық туралы ілім осыған ұқсас, яғни батыстағы не шығыстағы қоңыржай ендігінде тектік жағынан өзгеше түрлер кездеседі, ал олардың аралығында бұндай түрлер жоқ болады. Осындай таралу себептері геологиялық дəуірдің палеогеографиялық жағдайлармен шарттасады. Берг аса қызықты зоогеографиялық мəселелерді Каспий мен Байкалдың фауналық жұмбағын шешумен түсіндіреді. Л. С. Берг ұсынған теңіздерді аудандыстырудың: аймақтық-географиялық жəне меншікті зоогеографиялық принциптерін ажырату қажеттілігі туралы пікірі өзіндік орын алды. Бірінші жағдайда, теңізді аудандысырудың негізінде оның орын алған аймағы жатады, ал екінші жағдайда иерархиялық бірліктері: облыс, ішкі облыс, шет аймақтары жəне олар ұқсастық (түрлік, тектік жəне т.б.) дəрежелері бойынша фауналар бір-бірінен ажыратылады.

Сонымен, XIX ғ. екінші жартысында жəне XX ғ. алғашқы он жылы ішінде зоогеография ғылымында тарихи бағыт аса басым мəнге ие болды. XX ғ. бірінші жартысында биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысы басталды. Түрлердің таралу заңдылығын түсіндіру мақсатында көптеген жұмыстарда экологиялық деректерді есепке алу түрлі дəрежеде қарастырылған. Бұл əсіресе зор кеңістіктегі жəне қоршаған ортаның түрліше жағдайларымен қиюласқан Ресей үшін ерекше болды. Соның салдарынан биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысының сарамандық мəні зор болды. Түрлердің географиялық таралуын зерттеу ареалдар ішінде географиялық жағдайлардан тəуелді жергілікті ерекшеліктерге байланысты өзіндік жеке түрлердің кездесетінін көрсетті. Биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысы нəтижесінде экологиялық зоогеография жəне фитогеография ғылымдары пайда болды. Зоогеографиялық идеялардың экологиялық идеялармен үйлесімділігінің мысалдары А. Н. Формозовтың «Қар жамылғысы КСРО сүтқоректі жануарларының жəне құстар тіршілігіндегі қоршаған орта факторының маңызды мəні» (1946) атты кітабында келтірілген. Биогеография мен экология ғылымдарының үйлесімділігінен кейбір зоогеографтар, геоботаниктер биогеография мен экологияның айырмашылығын ажырата алмайды. Бұндай жағдай американдық биогеографиясына тəн жағдай болып отыр, бірақ оның қисынсыз екенін өздері де мойындайды. Тағы бір қисынсыз жағдайға географтардың биогеографияны ландшафттануға айналдыруы, яғни физикалық географияның бір саласы ретінде қызмет ететін бөлім жасауға ұмтылысы жатады. Зоогеография жəне фитогеография шектесуі жағдайында биологиялық жəне географиялық ғылымдардың түйісуі даусыз. Бірақ, зерттеу нысаны – жануарлар мен өсімдіктердің түрлері болғандықтан, биогеографияны биологиялық ғылымға жатқызады. Ландшафтты сипаттау үшін оның түрлік құрамы ғана емес, яғни фауна, əсіресе оған тəн жануарлар əлемі де қарастырылады. Олар көбіне кеңінен таралған фондық «реңдік» не ландшафттық түрлер. Осылар геозоологияның зерттеу нысандарына жатады. ХХ ғасырда көлемді фауналық материалдарды жалпылау нəтижесінде монографиялық жұмыстар мен оқу құралдары пайда болады. Олардың ішіндегі маңыздыларына тоқталайық. Экологиялық бағыт Ф. Дальдің «Экологиялық зоогеографияның негіздері» (1921-1923), Р. Гессенің «Зоогеографияның экологиялық негіздері» (1924), Р. Гессе, В. Элли жəне К. Шмидттың «Жануарлардың экологиялық географиясы» (1951) еңбектерінде жазылған. Əлемдік мұхиттың зоогеографиясы С. Экманның «Теңіз зоогеографиясы» (1935) еңбегінде жарияланған. Зоогеографияның Ресейде дамуы барысында В. Г. Гептнердің басшылық етуі жəне зоогеограф мамандарды дайындауда оның «Жалпы зоогеография» (1936) еңбегі аса маңызды орын алды. Жануарлардың таралуы жəне ареалдар туралы ілімдерге арналған осы еңбектегі тарау аса құнды. Осыдан кейінгі кеңестік зоогеографтардың еңбектерінің барлығы осы еңбекке сүйенді. Соңғы жарияланған И. И. Пузановтың «Зоогеография» (1938), Н. А. Бобринский, Л. А. Зенкевич, Я. А. Бирштейннің «Жануарлар географиясы» (1946), Н. А. Бобринскийдің «Жануарлар географиясы» (1951) еңбектері мазмұнында экологиялық жəне тарихи бағыттар баяндалды. Ф. Дарлингтон (1957) осы еңбектерде көрсетілген əдістерге сүйеніп, судағы жəне жердегі омыртқалы жануарлардың барлық класының таралып мекендеуінің сипатын жəне ықтимал жолдарын жазды. Бұнда аралдар жəне материктегі жануарлардың таралу заңдылықтарына көп көңіл бөлінді. Дарлингтон тарихтық зоогеографияда жиі қолданылатын болжамдар мен теорияларға (мысалы, материктердің орын алмастыру теориясы жəне т.с.с.) қарсы тұрады. Ол материктердің пішімінің теңіз арқылы бөліну өзгерістері құрлықтағы жануарлардың тарала мекендеуін толық түсіндіреді дейді, осы мүмкіндіктердің болуы жер бетіндегі жануарлар топтары таралуының қазіргі көрінісін нақты көрсетеді деп санайды. 1967 жылы Г. Деллатиннің «Зоогеография очерктері» атты үлкен жұмысы шықты. Жалпы мəселелер, ареалдар теориясы мен зоогеографияның экологиялық негіздері теориясын  қарастыра  келе, ол теңіз, тұщы су жəне құрылықтағы фауналарға айрықша тоқталды. Кітапта фауналар тарихын анықтау үшін аса қажетті фауналық элементтер көрсетілген.

Жуық мерзімдегі əлемдік зоогеографиялық əдебиеттерде зоологиялық картография бойынша басшылыққа алынатын нұсқаулар болмады. Көптеген зоогеографиялық жұмыстарда бұрыңғы белгілі əдіспен жануарлар ареалын картаға түсіру қолданылған. Зоологиялық картаны жасаудың əдістемелік қиындығы жануарлардың өзіндік ерекшеліктерінен (қозғалғыштығынан, жасырын тіршілік етуінен, тіршілік ортасын таңдау жəне оны қалыптастыру қабілетінен, маусымдық жəне жылдық санының ауытқулары жəне т.б.) туындайды. Бірақ,  жануарлар  мекенін  картаға  түсіру  геозоологиялық мақсаттағы аймақтық зоогеографиялық жұмыстар үшін маңызды. Жануарлардың таралуын зерттеудің, əсіресе аң аулау кəсіпшілігіне жарамды аңдар мен құстарды анықтау, орман жəне ауыл шаруашылығы зиянкестерін, адамға жұқпалы ауруларды таратын жəне оны сақтаушыларды жою тəрізді сарамандық жағы арнайы мазмұндағы зоологиялық картаны жасауды талап етеді. Зоологиялық территориялардың картасын жасау қажеттілігі ірі шаруашылық іс-шараларын өткізуден, тың жерлерді игеруден, ландшафты мелиорациялаудан, жолдар салудан, жаңа елді мекендерді орналастырудан шығады жəне аса қажет болып отыр. Осындай жұмыстардың бірі Н. В. Тупиковтың «Зоологиялық карта жасау» (1969) еңбегін атап өтуге болады, мұнда зоогеография ғылымының тағы бір бағыты зоогеографиялық картаны жасау жəне оның əдістемесі қарастырылады. Кітапта зоологиялық картаның негізгі түрлеріне шолу жасалады: ареалдар жəне оның шекараларының өзгерісі, кейбір жеке түрлерінің мекендері, биотипке тураланған жануарлар, фауналық жəне жануарлар мекені кешендері. Зоогеографияның дамуының қазіргі сатылары оның бірнеше бағыттарының пайда болуымен сипатталады. Оның біраз бөлігі классикалық дəстүрлі салалар болса, қалғандары түбегейлі жаңадан қалыптасады. Алдымен, биогеография кешенді ғылым ретінде дауы мен оның негізделуі аса көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы мəселені қарастыруда профессор А. Г. Воронов басқаратын мəскеулік биогеографтардың мектебі тұрақты орын алады. Олардың жазған оқулықтарында биогеографияның жалпы мəселелері мен жер шарының биомдарының сипаттамалары кеңінен əрі толығымен баяндалады. А. Г. Воронов биогеографияны организмдер қа-уымының жəне оны құрамды бөліктерінің географиялық таралуы мен мекендеуі туралы ғылым ретінде айқындайды. Осы ғылымның негізгі міндеті организмдер қауымының жəне оны құрамды бөліктерінің таралуының мекендеу ортасымен тығыз байланысының географиялық арнаулы себептерін айқындау десе, екінші жағынан биогеографияның экологиямен жəне биоценологиямен өзара байланыстарын, сонымен қатар осы үш ғылымның ұштасуын анықтау болады деп көрсетеді. Биогеографияның дербес кешенді ғылым ретіндегі ерекшелігі планетадағы тірі заттар массалары мен өнімдер географиясы туралы, организмдер қауымының жəне оны құрамды бөліктерінің таралуы себептері, биотикалық  қатынастардың географиялық ерекшеліктері жəне адамзаттың түрлі географиялық жағдайда биомдар2 жəне биоттарға3 антроптық əсері тəрізді мəселелерді мақсатты түрде шешеді деп қарастырады. Осы бағыттармен қатар, классикалық фауна генетикалық  бағыт дамуын жалғастырады. Соңғы он жылда осы бағытты дамытуға зор үлес қосқан ғалымдар О. Л. Крыжановский, Я. И. Старобогатов (1965) болды. Олар жер үстіндегі фауналарға толық талдау жасап, күрделі аймақтар қатарына жататын Орта Азияның генезисін сараптады жəне зоогеографиялық аудандастыру сұлбасын жасауды ұсынды. Я. И. Старобогатов (1970) зоогеографиялық аудандастырудың принциптері мен əдістерін тұщы су жануарларына қолданып дайындады жəне ішкі су фауналарындағы жануарлар таралуының жалпы заңдылықтарын көрсетті. 1960 жылдары ерекшеленген бағыттардың бірі – аралдар биогеографиясы. Ол Престона (1962) жəне Мак-Артура мен Уилсон (1967) жұмыстарында қарастырылды. Олар аралдар фаунасының динамикасын зерттеудің жаңа əдістерін ұсынды жəне аралдар ауданы мен ондағы мекендейтін жануарлар санының арасындағы өзара байланысты, колонизация процесі мен жойылудың (түрлердің айналымы) аралық қатынасын анықтады, фауналық коллапсқа назар аударды. Бұл бағыттың дамуы соңғы жылдардағы табиғатты қорғау мəселелерінен шықты. Табиғи ландшафттың антроптік түрленуі дəуірінен қалған жануарлардың мекені мен таралуындағы қалдықтар қорық аймақтары ретінде қалыптасты, яғни ауылшаруышылығын дамыту мен территорияны урбанизациялау нəтижесінде қорық түріндегі оқшау аралдар пайда болды. Сондықтан Престон осы оқшау қорықтағы организмдер популяциясына табиғаттағы аралдардың жағдайлары қолданылуы керек деп санайды. Осылайша қорықтағы «минимальды динамикалық аудандар» туралы мəселелерді шешуге болады, яғни жануарлар түрлерін қорғауды, олардың жеке бөліктерден тұратын қорын жəне өзіндік «архипелаг» құруды іске асырады, жалпы бақылаулар көрсеткендей осындай фауналар жиынтығы біртұтас ауданнан аса бағалы келеді. Тарихтық зоогеографиядан викариантты зоогеография бағыты бөлініп шықты. Ол ертедегі біртұтас ареалдың атамекендік таксоны  бөлшектенуінен  туындайтын  географиялық  оқшауланған таксондардың таралуын шектелу əрекетінің нəтижесі ретінде қарастырады. Викариантты зоогеографияның дербес саласы «мобилисттік зоогеография» болып табылады, ол континентальді дрейфтер туралы түсініктерге негізделеді. Оның жақтаушылары филогенетикалық тарамдалу сұлбасын (кладограмманы) біртұтас мезозойлық континент Пангеи фрагменттерінің қайшылықтармен сəйкестендіруді қарастырады. Геологиялық жағдайлардың хронологиясы туралы пайымдауларды жəне қажетті материалдарды геофизика береді. Зоогеографияның көптеген мəселелері мен қайшылықтары қазірге дейін зоогеографиялық конференцияларда түрлі пікірталас жəне қызу сайыс тудырады. Қазіргі таңда зоогеография классикалық сипаттаушы ғылымнан жануарлар əлемін тиімді пайдаланудың сарамандық міндеттерін шешетін өткір мəселелі ғылымға айналып отыр.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.