Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Дін қай қоғамда болса да адамшылық құндылықтарының қайнар көзі ретінде қабылданады. Адамзат ғарышты игеріп, жаңа технология жасауда дамудың шырқау шегіне жеткенімен, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап АҚШ пен Батыс Еурпопаның бірқатар елдерінде дәстүрлі емес діни культтар көбейе бастады. Олардың пайда болуы дәстүрлі діндер жүйесінің бұзылуы мен беделінің түсуіне байланысты еді. Мұндай культтардың қатарына қоғам өмірінде өз орнын таба алмаған жастар кірді. Сондықтан кейбір культтар «жастар діні» деп аталып жаңа діни қозғалыстарға айналды. Қазiргi кезде елiмiзде 70 пайыздай мұсылманның 2815 дiни бiрлестiгi жұмыс iстейдi екен. Ал жан саны белгiсiз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлi ағымдарының 1238 ұйымы бар. Бұл – бүкiл республикадағы дiни бiрлестiктердiң 30 пайызы. Ал 70-тен астам дiни бiрлестiктер еш жерде тiркелмей қызмет етуде. Исламның басты мұраты адамдар арасында бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.т. мақсаттары, ойлары болғанын тексеру керек. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың ойы бөтен.Террорист ұйымның мүшесі қандай бір мұсылман елдің азаматы болса болғаны, әлгі бұлақтар дереу «мұсылман террористтер» дей салады. Ал, басқа діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың діні айтылмайды да басшысының ғана аты немесе шыққан жерінің аты, ең болмағанда саяси көзқарасы ғана айтылады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашанда «Христиан террорист Баск тобы» деп айтпайды олар. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «христиан/католик террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес! Сондықтан, мұның негізінде Исламды көре алмаушылық және Исламды жағымсыз етіп көрсету секілді жауыз пиғылдар болғанын айта кетуіміз керек. Бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасындағы заң жобасында миссионерлiк қызмет туралы айтылады. Осы ретте бiзге миссионерлiк қызмет қажет пе деген заңды сауал туындайды. Қараша халық сан мыңдаған секталарды елiмiзде тайраңдатуға әу бастан қарсы. Олар қазақтың дәстүрлi дiнi Ислам және христиан дiнiне басымдық беру қажет деп есептейдi. Өкiнiшке қарай, Қайрат Лама Шариф “қарастырылып отырған заң жобасы қоғамдық және дiни мүдделердiң тепе-теңдiгiн сақтауға бағытталған” дейдi. Бiзге ислам дiнi мен кришна немесе иегова куәгерлерiнiң “тепе-теңдiгi” қажет пе? Мүлде қажет емес. Шетелдiк миссионерлердi Қазақ елiне кiргiзуден үзiлдi-кесiлдi бас тартуымыз керек. Қазiргi кезде миссионерлiк қызмет бауырлас Қырғыз елiнiң дiн жөнiндегi заңында ғана кездеседi.Тағы да дәрменсіздік танытып отырған қазақ пен қырғыз.
Қазақстандағы діни секталардың не істеп жатқанын білу және әшкерелеу өте қиын. Өйткені, діни секта жетекшілері дін бостандығы жөніндегі Заңды алға тартып, ғибадатханалардағы, шіркеулердегі өздерінің «құпия құлшылықтарын» дұрыс дейді. Мысалы, «Иегова куәгерлері» діни ағымы ғибадатханасында (Құдай патшалығы үйі) дін бостандығы туралы Заң мен оның баптары көрнекті жерде ілініп тұр. Жалпы, дін туралы Заң о бастан бізде дұрыс қабылданбады. Діни сенім мен заңның тарихы мен философиясын, Құдайға құлшылық дәстүрін білмей асығыс қабылданған Заңның кейінгісі де көңілден шықпайды. Заң бойынша, қулығына құрық жетпейтін миссионерлерге еркін жол ашылды. Ежелден дін емес бірақ өзін дін санайтын ағымдар және діни ұйымдар қанат жайып, соңында саны көбейді.
Мемлекетіміздің ұстанған діні Ислам болғандықтан, енді, осы діндегі белгілі ағымдардың тарихы мен теріс бағыттарына тоқталайық. Қазіргі діни әдебиеттер мен басылымдарда «Ахмадия жамағаты» және «Құраншылар» деген ағымдардың өмірге келуі мен тарихы жиі айтылады. Сырттай мұсылман болып көрінген «Ахмадия жамағатының» негізін салған, өзі Үндістанда туған (1839) Мырза Ғұлан Ахмад әл-Қадиян деген ғалым екені белгілі. Ол өзін әулие, көріпкелмін деп санап, «Бәрәхии Ахмадия» кітабын жазады. Өз пайдасы үшін дінді саясатқа айналдырудың жолына түседі.
Ахмадия және оның жамағаты Пәкістанда ел ішінде лаң салып, ойрандап, елдің шырқын бұзған. Ахмадия жамағаты ағымы, Қазақстанда пәкістандық миссионерлердің ықпалымен 1994 жылы Әділет министрлігінде тіркелген. Ол «Ұлттық Ахмадия мұсылман жамағаты» деген атауға ие. Тоқсаныншы жылдардың басында «Демократтар үйінде» аталған ағымның бір уағыз жыйыны өтті. Олардың миссионерлері дәл осы аласапыран жылдары келіп, ашық-шашық жатқан елдің ішіне еркін кіре бастады. Секталар іс-әрекеттерін білдірмейді. Мүшелерінің жиналып бас қосулары мен жетекшілерінің кездесуі құпия жағдайда жүреді. Ұлтсыздықты уағыздайтын діни ағымның Қазақстандағы сектасына ингуш, күрд, орыс, татар, ұйғыр және украин сияқты этникалық-диаспора өкілдері барып, орыс тілінде уағыз тыңдайтын көрінеді.
Құранға байланысты өрескел әрі дінбұзарлық ағымды өмірге әкелгендердің бірі мысырлық ғалым Ахмад Сухби Мансур еді. Ахмед Сухби Мансур Құран мен сүннетікке негізделіп бекітілген үкімдерге қарсы шығып, ойын «Мұсылмандар дәстүрлі кітаптардың айтып кеткен үкімдеріне еріп және ол кітаптарды қастерлеп адасып жүр. Себебі, дәстүрлі кітаптар қазіргі замандағы экстремизм, фанатизм, лаңкестік пен пендантизмнің бастауы» деп түйіндейді. Айтпақшы, ол намазда айтылатын салауаттарды және азанға Мұхаммедтің атын қосуды Алла-Тағалаға серік қосу дейді. 2004 жылы АҚШ-қа әбден орныққан ол, ғаламтор арқылы өзі «ағымның» уағыз мен үгітін таратады. «Құраншылар» атанған, оның діни бағытын ұстанатындардың қатары көбейеді. «Құраншылар жолы» – Исламның дәстүрлі ұсынымына қайшы екені айтпаса да түсінікті.
Қазіргі БАҚ дерек көздеріне сенсек қазақтардың өзге дінге өтіп, әртүрлі секталарға мүше болуы алаңдатады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Басқа дінге кіріп, осы діннің адамы болу – ұлтын жоғалту, яғни, онсыз да аз қазақтың азайып, қиын демографиялық ахуалы одан сайын мүшкіл халге түсірудің белгісі бұл. Соңғы санақ (2009) қортындысы бойынша 39172 қазақ христиан, 1923 қазақ идуаизм, 749 қазақ будда дінін қабылдаған. Соңғы үш жылда шоқынған қазақтардың саны бұдан да көбейгенін жобалап айтуға болады. Өйткені, елде дәстүрлі емес 254 діни бірлестік бар. Біздің дін туралы Заңымыз барлық діндерге еркін жол ашқан. Тіпті, жаңа Заңдағы «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деген бап бұрынғы Заң қағидаларын қайталап тұр. Әсіресе, миссионерлік қызметке еркіндік беру – Қазақстанда толып жатқан діндер мен ағымдардың және секталардың күн сайын көбеюіне мүмкіндік туғызатыны айтпаса да түсінікті.
Толып жатқан ағымдар мен ұйымдары, қозғалыстары мен секталары бар еврейлердің идуаизм дінінің, қазір, Қазақстанда үш тармағы жұмыс істейді. Оннан аса синагоганың өмірге келуі – мұсылман елі саналатын Қазақстан үшін мәртебе емес. Жетпіс мың қазақстандық идуаизм дінін ұстанады. Белгілі дінтанушы-ғалым Мұртаза Бұлұтай дін тарихы мен философиясын және жаһандану заманындағы оның орнын өте жақсы зерттеген, ол «Қазақстан діни эксперимент алаңына айналып отыр» деп бұдан оншақты жыл бұрын айтқаны – ащы шындық.[3] Христиандық миссионерлер жүйелі, әрі ұйымдастырған түрде білдірмей шоқындырып жатыр. Шоқындырушы-үгіттеушілер тоқсаныншы жылдары көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, діни парақшалары мен кітапшаларын тегін таратып, қарқынды әрекет жасады. Қазір, оларды көшеде көп кездестірмейсіз. Олар енді құпия астыртын «іске» көшкен сыңайлы. Өйткені, қазақ БАҚ құралдары діни секталарға қатысты жантүршігерлік оқиғаларды айтып, дабыл қаққан болатын. Қазақстанда негізінен басты екі дін бар – олар ислам және христиан дін. Соңғы санақ бойынша (2009) Қазақстан халқының 70,2 пайызы исламды ұстанатын мұсылмандар. 26,3 пайызы христиан дініндегі еуропалық ұлт өкілдері. Сондай-ақ, 0,1 пайызы будда дінінің наным-сенімін ұстайтындар.
Қазақстанда екінші орын алатын христиан дінінің толып жатқан секталары бір орталыққа бағынбай, өз беттерінше үгіт уағыздарын жүргізеді. Олардың не істеп жатқанын бір құдай біледі. Әсіресе, католик миссионерлері белсенді әрекет етеді. Католиктердің Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларындағы діни «оқу орындары мен басылымдары сездірмей мақсаттарын жүзеге асыруда». Сонымен бірге, христиандық протестантизмнің баптистер және жетінші күннің дивентистері, сондай-ақ, Лютерандар да өздерінің діни ұстанымдары мен нанымдарын жүргізіп жатыр. Елімізде протестанттықтардың шамамен айтқанда отызға жуық сектасы мен мыңнан аса діни бірлестіктері бар көрінеді. Қазақтарды жаппай шоқындыру осы ағымның басты мақсаты болса керек. Дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі «сайентология» шіркеуі, бахаизм, кришна қоғамы, сатанизм, т.б. теріс үгіт-насихаттары жөнінде кезінде көп айтылды, дабыл қағылды. Әбден орнығып алған бұлар қазір ұлтқа қарсы қандай астыртын уағыз-насихаттар күшейтіп жатыр – оны әшкерелеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені ағымдар «соғысы» айтпай келеді. Сөйтіп, сақтанбай соңында сан соғып қалмау үшін жат діни секталар мен бірлестіктер құқық қорғау ұйымдарының бақылауында, ҚМДБ назарында ерекше тұруы керек.[3, 1-2б]
2013 жылдың 19 ақпан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізді. Президент кездесу барысында : «Алла –хақ, Пайғабарымыз Мұхамед(с.ғ.с.), қасиетті кітабымыз Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мәзһәбқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан артықшылығы – Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр салттарының да кеңінен қолдануында. Менікі дұрыс немесе мен білемін емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз», деген болатын. Біздің міндетіміз-осынау істердің үдесінен шыға білу. [4, 12б]
Біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекеттілік – бірінші орында. Қазақстан жұртшылығы алдағы он жыл ішінде фундаментализм тұзағына түбегейлі түсіп қалмас үшін, дәстүрлі дінді және дәстүрлі емес діндерді зерттеп, дін туралы Ата Заңымыздағы ұлт саясатына қайшы баптарды алып тастау керек. Кезек күттірмейтін ендігі мәселе қазақ даласындағы дін тарихынан хабары бар, сол дінге жаны ашитын кадрлар дайындауды жолға қоймай мәселе шешілмейді және халық та дәстүрлі исламды тұтынатын адамдар мен фундаменталистерді бір-бірінен ажырата алатын көреген дәрежеге жетуі керек. Ол үшін ел арасында дәстүрлі исламның негізінде діни-ағартушылық жұмыстар жүргізілсе орынды болар еді. Атап айтар болсақ, пресветериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ «Агапе» «Жаңа аспан» сияқты протестанттық шіркеулер, «Бахаи» «Сайтан шіркеуі», «Саентология шіркеуі» сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Кейбір деректер бойынша, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген. Олардың арасында 1652 исламдық, соның ішінде 1642 суниттік, 2 шииттік, 2 сопылық, 4 ахмадия ағымдары бар. Бұған қоса Қазақстанның аумағында православиелік шіркеуге жататын 241 діни бірлестік (олардың 230-ы Орыс православие шіркеуіне қарайды), 7 старообрядтық шіркеу, римдік-католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі, бірқатар протестанттық бірлестік жұмыс істейді. Қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 бахаи, 2 трансценденталдық медитация қауымы, ұлы ақ бауырластықтың 2 қауымы, 6 саентология шіркеуі қауымы және т.б.
Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиелік бағыттары. Елімізде 1700-ге жуық мұсылман бірлестіктері бар. Оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православие шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан нығаюына күш-жігерін жұмсауда. Еліміздің бірнеше қаласында православиелік ғибатханалардың құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі уақытта католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде. «Иегова куәлары» бірлестігінің миссионерлік қызметі ерекше қарқын алуда. «Иегово куәлары» Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қаласында орналасқан, 70-тен астам діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық. 1999 жылы діни бірлестіктердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатымен Қазақстанның діни бірлестіктер қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық 200-ге жуық діни бірлестіктерді біріктіреді.
Сонымен қатар елімізде протестантизмнің жаңа апостолдық шіркеуі, елушілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда. Пятидесятничество ХХ ғасырдың басында АҚШ-та құрылған. Бұл ағымның ең ірі қауымдары Қарағанды және Алматы қалаларында орналасқан. Апостолдар рухындағы евангелшіл христиандар өз жұмысын белсенді жүргізуде. Қазіргі кезде 3 мыңға жуық адамды біріктіретін 40-қа жуық қауымдар бар. Пресветериандық ағымы елімізде америкалық, корейлік уағыздаушылардың миссионерлік қызметі нәтижесінде таралып жатыр. Бұл уағызшыларға шет елдегі діни орталықтар көмек көрсетуде. Елімізде 20-дан аса пресветериан бірлестіктері бар. «Грэйс-Благодать», «Бірінші пресветериан шіркеуі,» «Алматы аймақтық пресветериан шіркеуі» бірлестіктері белгілі болып отыр. Жетінші күн адвентистері қауымының республикалық орталығы Жетінші күн христиан-адвентистерінің Солтүстік Қазақстан конференциясы Астана қаласында. Ұйымдық жағынан бұл бірлестік Алматы қаласында орналасқан Жетінші күн адвентистерінің Оңтүстік одағына кіреді. Евангелшіл бағыт елімізде негізінен неміс этносының арасында таралған. Елімізде лютерандық 70-тен аса діни қауым бар.
Евангелшіл христиан-баптистердің қауымдары 10 мыңнан аса сенушілерді біріктіреді. Евангелшіл-христиан баптистер Қазақстан евангелшіл христиан-баптистері шіркеулерінің одағын құрды. Бірлестіктің орталығы Қарағанды облысының Саран қаласында. Евангелшіл-христиан баптистердің 250-ден аса қауымдары мен топтары бар. Евангелистер 2010 жылға дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін евангелшілдендіру жоспарын басшылыққа алуда.
Шет елдік миссионердің белсенді қызметі арқасында протестанттық ағымдардың харизматикалық қауымдары «Агапе», «Жаңа өмір», «Жаңа аспан», «Благая весть» және т.б. жұмыс істеуде. Елімізде дәстүрлі емес культтер қатары өсуде. Саентология шіркеуі АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-ші жылдары пайда болды. Негізін салушы Лафайет Рон Хаббард (1911-1986). Ол өз ілімін «Динаетика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім» атты еңбегінде қорытындылаған. Саентология шіркеуі діни бірлестігі Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында ресми тіркелген. Саентология шіркеуі Ресей, АҚШ, Англия, Австралия елдеріндегі саентологиялық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
«Кришна санасы» қоғамы елімізде әрекет етіп отырған жаңа діни ағымдардың бірі. Индуизмнен тармақталатын «Кришна санасы халықаралық қоғамының» негізін салушы — Свами Прабхупада (1896-1977). Бұл діни ағым жастар арасында таралып жатыр. Дүниежүзілік христиандықты біріктіру жолындағы Қасиетті рух ассоциациясы (Бірігу шіркеуі) 1954 жылы құрылған. Негізін салушы — Сан Мен Мун. Бірігу шіркеуінің миссионерлері әлемнің 100-ден аса елінде қызмет етеді. Бұл шіркеудің түрлі бағыттағы ұйымдары бар. Бірігу шіркеуі елімізде 1992 жылдан жұмыс істейді.
Қазақстанда түрлі дәстүрлі емес культтар саны өсуде. Атап айтсақ, 1990 жылдары жаңа культтар саны 10-нан сәл асатын болса қазіргі уақытта жаңа культтардың саны 160-тан асады. «Кришна санасы қоғамы», «Соңғы өсиет шіркеуі», «Жаңа аспан», «Жаңа өмір шіркеуі» сынды ХХ ғасырдың наным-сенімдері үгіт-насихат жұмыстарын түрлі мерекелік және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жүргізуде. Елімізде экстремистік бағыттағы «Хизб-ут-тахрир» («Азат ету партиясы») ұйымының заңға қайшы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Хизб-ут-тахрирдің мақсаты — Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу. Хизб-ут-тахрир Орталық Азия елдерінің мемлекеттік құрылысын мойындамайды және осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанады. Аталған ұйым күресі идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізіледі. Кейінгі жылдары мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат. Елімізде «әл-Каида», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Лашкар», «Таиба», «Боз-құрт», «Өзбекстан ислам қозғалысы» және т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.
Миссионерлік — діни ұйымдардың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады. Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеулердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.
Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. «Жаңа» культтардың бірі — Бахаи сенімінің бастауында «Баб» («қақпа») деген лақап атымен белгілі болған Сейд Әли Мұхаммед тұр. Ол өзін пайғамбар деп жариялаған. Бабтың ілімін жүйелеп дамытқан, бахаи сенімін орнықтырып, діни ілімін негіздеген Мырза Хусейн Әли (Баха-Улла) болды. Бахаи сенімі құдайдың бірлігін, діни төзімділікті, туыстықты, барлық діндердің мақсат бірлігін уағыздайды. Бахаи сенімінің ең жоғары ұйымы — дүниежүзілік әділдік үйі Израиль мемлекетінің Хайфа қаласында орналасқан. Бахаи сенімінің ұлттық рухани мәжілісі елімізде 1994 жылы тіркелген. Қазіргі уақытта бахаи сенімінің 80-нен аса қауымы бар. Кейбір деректер бойынша, пайда болғанына бір ғасыр шамасы болған Бахаи сенімінің бес миллионға жуық ұстанушылары бар.
Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді. Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойының қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары ислам өркениетінің асыл қазынасы.
Қазақстан Республикасының Конституциясында ождан бостандығы мен діни бостандықтың қағидаттары, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құрудағы теңқұқылығы, мемлекеттің шіркеуден бөлінгендігі туралы қағидаттар бекітілген. Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар. Соған қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осындай белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа үрдістерге байланысты анық та айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың пайда болуына байланысты. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы мүмкін.
Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының бірінші съезінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтіліп, конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі қағидаттары айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды. Бұл туралы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында былай делінген: «Біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз». Дін біріктірудің, интеграциялық үдерістердің күшті факторы бола алады. Ол үшін діндерден қайшылықтарды емес, керісінше, ортақ белгілер мен қағидаттарды, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге міндеттіміз.
Айта кету керек, Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Қазіргі Қазақстанның аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық (оның әсіресе нестериондық және яковиттік тармақтары) және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүрген, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқанындай: «…бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл — Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс».