ХХ ғ. басындағы саяси экономикалық реформалар
ХХ ғ. басы қазақ халқы үшін ең қиын жылдардың бірі болды. Россия империясының өкіметі қоғамда пайда болған қайшылықтарды отарлар есебінен, соның ішінде Қазақстан есебінен, шешуді ойлады. Алайда, империядағы өріс алған жалпыұлттық дағдарыс 1905-1907 жж. буржуазиялық революция нәтижесінде саяси жүйені реформалауға әкелді.
1905-1907 жж. революция кезіндегі Қазақстан. ХХ ғ. Қазақстан Россияның отары есебінде қарсы алды. Қазақтар барлық саяси құқықтарынан айрылды, құнарлы жерлерінен айырылды, традициялы шаруашылық және әлеуметтік құрылым бұзылды. Отарлық үкімет Қазақстанды орыстандыру саясатын жүргізді.
Сонымен қоса, ХХ ғ. басы ұлт-азаттық қозғалысы дамуына себепкер болды, ол жаңа сатыға көтерілді. Азаттық күресінде ұлттық интеллигенцияның ролі арта түсті. Орталық Россиядағы патша үкіметінің саясатына жалпыбұқаралық қарсылық 1905 ж. жазы мен күзінде қарулы қақтығыстарға жеткізді, соның нәтижесінде патшаның халықпен санасуына тура келді, басқару жуйесіне реформа жасалынды. 1905 ж. 17 қазандағы Манифесте, Россияда азаматтардың жеке басына тиіспеуге кепілдік берілді, ар-ұждан, сөз, жиналыс, одаққа бірігу бостандығы жарияланды. Ең басты жаңалық Мемлекеттік Дума сайлауын өткізу болды, бұл патша үкіметі дайындаған заңдарды талқылап қабылдауға тиіс еді.
1906 ж. 23 сәуірінде «Россия империясының негізгі заңдары» жарияланды. Осыған сәйкес қос палаталы Парламент құрылды, жоғарғы палата – Мемлекеттік Совет оның депутаттарының бір бөлігін патша өзі тағайындайтын, қалған бөлігі сословиялық-корпоративті (біріккен) негізде сайланатын. Төменгі палата – Мемлекеттік Дума төрт куриядан сайланатын: жер иелерінен, қалалықтардан, шаруалардан және жұмысшылардан, бірінші және екінші курия үшін сайлау екі сатылы, үшінші курияға – үш сатылы, ал төртінші курия үшін – төрт сатылы болды.
Сөйтіп жер иеленушінің бір дауысы мүлікті қалалықтардың үш дауысына, шаруалардың 15 дауысына, жұмысшылардың 45 дауысына тең болды. Сайлау құқығы әйелдерге, әскерилерге, 25 жасқа дейінгі жастарға берілген жоқ. 1906 ж. ақпан-наурызында өткен сайлаудың нәтижесінде шығыс аудандарының 30 млн. халқынан 14 депутат сайланды, оның 4 қазақтардан. Депутаттыққа басты талап орыс тілін жақсы білу болатын.
I Дума помещиктік жерді олардың иелігінен алуды талап етті, осыған ызаланған патша 1906 ж. 9 шілдеде Думаны тарату жөнінде Манифест қабылдады. 1906 ж. желтоқсаннан бастап II Думаға сайлау өткізу компаниясы басталады. Қазақ депутаттары А. Бөкейхан, Ш. Қожағұлұлы, Б. Қаратай дума трибунасын аграрлық реформаны өткізуге, Қазақстанға орыс және украин переселендерінің келуін тоқтатуға, сөйтіп шұрайлы қазақ жерін тартып алуға тоқтам салуға пайдаланды.
Аграрлық мәселе бойынша тағыда бітіспес дискуссия басталды, депутаттардың көпшілігі помещик жерін алуды талап етті. Бұған құлақ аспаған патша 1907 ж. 3 маусымында II Думаны таратады да, III мемлекеттік Думаны сайлау туралы «Ережеге» қол қояды.
Жаңа сайлау заңы куриялық теңсіздікті одан әрі қиындата түсті. Енді бір помещиктің дауысы қаланың мүлікті адамының төртеуіне, 68 қала тұрғындарының, 260 шаруаның, 543 жұмысшының дауысына пара-пар болды. Орталық Азияның негізгі халқы, оның ішінде қазақтар, жалпы сайлау және сайлану құқығанан (Думаға) айырылды.
Қазақ халқының және переселен шаруалардың 1905-1907 жж. оқиғаларға қатысуы Қазақстанда 1881 ж. 14 тамыздағы «Положение о мерах по сохранению государственного порядка и общественного устройства» деп аталған құжаттың қолдануына әкеп соқты. Ол бойынша үш түрлі ерекше режим заңы қолдалынатын: күшейтілген күзет, төтенше жағдайдағы күзет және әскери тәртіп жағдайы. 1905 ж. Қазақстанда әскери жағдай қабылданып азаттық козғалысын басуға бағытталған қатаң репрессиялық шаралар іске асырылды.
Переселендік саясаттың юристік негізі. 1867-1868 жж. уақытша Ережелерге сәйкес қазақ қаүымының жерлерін мемлекет меншігіне алудың негізі қаланды. Біраз уақытқа дейін жерлерін өзіне қарату құқығы қолданылмады. Бірақ XIX ғ. аяғында қалалар мен теміржолдар салуға байланысты ол жерлер алына басталады.
Кең көлемді түрде қазақ жерін алу Россияда аграрлық реформаны іске асыруға байланысты өткізілді. Ол Министрлер Советінің председателі П. Столыпиннің басқаруымен іске асырылады. Ол шаруа қауымдастығын таратып, жеке тұрақтанған мықты шаруашылық ұйымдастырумен байланысты болған. Бірак, Столыпин ірі помещиктік жерлерге тиген жоқ, ал жерге байланысты кемістікті Сібір мен Қазақстанның «казенный» жері есебінен шешуді ойластырды.
1903 ж. 10 маусымында «Сырдария, Фергана және Самарқанд облыстарындағы казенный жерлерге өз еркімен переселендер жіберу туралы Ереже» қабылданады. Бұл құжат бойынша жергілікті халықтың «артық жерлерін алу басталады. 1903 ж. 25 маусымында «Сібір және Далалық генерал-губернаторлыққа қоныс аударатындарға үкіметтік пособие туралы Ереже» бойынша бірілетін пособие мен жеңілдіктер көлемі анықталды.
1904 ж. Переселенческое управление құрылады, ол орталықтан шет аймаққа көшетін шаруалардың барлық мәселесімен шұғылданды. Переселендік фонды құрылды.
1904 ж. 6 маусымында «Временные правила о переселении сельских обывателей и мещан-земледельцев» қабылданды. Осы «Уақытша ережемен» қоса үкімет «О порядке определения государственного земледельческого фонда в областях Акмолинской, Семипалатинской, Торгайской, Уральской для переселения, а равно иных государственных потребностей» атты инструкцияны да бекітеді. Бұл құжаттар қазақтардың жерін тартып алудың нормативті базасына айналды.
Россияның орталық губернияларынан 1897-1916 жж. аралығында 1 млн. 301 мың шаруа Қазақстанға қоныстанды. Бұл жағдай демографияны түбірлі өзгертті. 1917 ж. орыстар мен украиндар Ақмола облысында бүкіл халықтың 56 %, Семей облысында – 22 %, Торғайда – 38 %, Оралда – 14 %, Жетісуда – 22 % құрды. Қазақтардың шұрайлы жерінен айырылуы 1914-1918 жж. бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ұлт-азаттық қобғалысының басталуына себеп болды.
1916 ж. Ұлт-азаттық қозғалысы
Бірінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан Россияның отары есебінде қатысты, бұл жағдай елдің экономикалық, саяси жағдайын тым шиеленістірді. Переселендік саясатты одан әрі жалғастыру, соғыс қажетіне қарай малды және басқа мүлікті конфескелеу 1916 ж. көтеріліске әкеп соқты, ол ұлт-азаттық революциясына айналды. Соғыстың барысы патшалық Россияның экономикалық және техникалық тұрғыда артта қалдандығын көрсетті. Орыс армиясының майдандағы кейбір жеңістері жалпы жағдайды түзете алмады, ал қиындық пен сәтсіздік жаңа материалдық және адам ресурстарын керек етті. Жұмысшы күшінің жетіспеуі эк-ның көптеген саласында дағдарыс туғызды. Салықтар 3-4 есе көбейді, кейбір жағдайда 15 есе артты, айрықша соғыс салығы алынатын болды. 1915 ж. қазақтардың соғысқа тікелей қатысуы мәселесі көтерілді, бірақ Россия үкіметі басқа ұлт өкілдерін, оның ішінде қазақтарды, қаруландыруға батылы бармады. Сондықтан орыс еместерді тылдық жұмысқа пайдалану туралы шешім қабылданды.
1916 ж. 25 маусымында «О привлечении мужского населения инородческого населения империи для работ по устройству оборонительных сооружений и военных сообщений в районе действующей армии» атты Указ қабылданды. Бұл құжат бойынша 19 бен 40 жас аралығындағы ер азаматтар (Қазақстанның) армияға шақырылатын болды.
Қазақстанның барлық жерінде әскери режим жарияланды. 17 шілдеде 1916 ж. Ташкентте Ерекше әскери сот құрылды. Сол сияқты әскери бөлімдердің офицерлерінен айрықша соттар ұйымдастырылды. Жетісу генерал-губернаторы М. А. Фольбаумның жарлығымен барлық жазалаушы отрядтар жанынан далалық-әскери соттар құрылды. Олар көтеріліске қатысқандардың ісін қарайтын болды. Далалық-әскери соттар Түркістанда 347 адамды өлім жазасына кесті, каторгылық жұмыстарға 178 адам айдалды, 129 адам түрмеде отыруға кесілді. Жазалаушы отрядтар соттың шешімінсіз-ақ жергілікті халықты қырып жойды.
Мысалы, ротмистр Кравченконың отряды Қарқара жәрмеңкесінде бірнеше жүз жәрмеңкешілерді конвоймен Пржевальск қаласына айдайды. 500 адамды карательдер жолда өлтіреді. Тірі қалған 17 адам түрмеге жабылады да, келесі күні 7 адам түрме албарында атылады, бірақ ешқандай соттың үкімі болмаған. Осының барлығанда Верный қаласы прокурорының орынбасары Плотников қатысқан. Бірақта, ешқандай репрессиялық шара қозғалысты тоқтара алмады, ол қозғалыс нағыз ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты. 1916 ж. жазында көтеріліске қатысушылар өздерін өздері басқаруға көшті, отарлық әкімшілік аппаратын ауыстырды. Жетісуда, Торғайда көтерілісшілер өз хандарын сайлаған. Солардың бірі жетісулық Бекболат Ашикеев, Ақмола уезінен Қияшев т.б. болған.
Торғай облысында өзіндік басқару кеңінен тарады. Мұнда шілде-тамыз айларда әрбір волоста өз ханы сайланған. Жалпы хан болып Әбдіғаппар Жанбосынов танылған. Ханның ең жақын көмекшілері болып Айжарқын Қанаев пен Оспан Шолаков есептелген. Бас қолбасшы – сардар Амангельді Үдербайұлы Иманов сайланған. Хандардың кеңесшісі-визирлері болған. Барлық әскери басшылық және азаматтық істерге басшылық Әбіғаппар мен Амангелдінің қолында жинақталған. Олар Кеңесті басқарған, кенестің мүшелері болып көтерілісші отрядтардың басшылары да қатысатын.
Кеңесте секретариат (хатшы) болған, ол әкімшілік ісін басқарған, санымен қоса сот коллегиясы да болды. Сардарда екі көмекші – азаматтық және әскери жұмыс бойынша. Оған волостардағы әскери-азаматтық әкімшілікті басқаратын – мыңбасы бағынатын, ол өз тарапында елбегіне сүйенген. Елбегі көтеріліске қатысушылар мен бұқара халық арасындағы дау-жанжалды реттейтін.
Қаражат мәселесімен қазынашы шұғылданатын, оған жасақшылар, яғни салық пен азық-түлік жинаушылар бағынатын. Патша қазынасына берілетін барлық салық түрлері алынып тасталынды, жойылды, оның орнына битамал енгізілді – әрбір үйден 4 рубль, қазақ ауқаттылары, байлары қосымша салық төлейтін.
Сөйтіп, Торғай облысының көтеріліске қатысушылары патша әкімшілігін шеттетеді де, өздерінің баскару жүйесін қалыптастырады, ол ақпан (1917) революциясына дейін өмір сүрді. 1917 ж. наурыз айының ортасында Әбдіғаппар хан патшаның тақтан түсірілгенін естіп, және көтеріліске қатысушыларға амнистия (кешірім) жасалғанынан хабардар болып, уақытша үкіметті мойындайды.
1916-дың жазы мен күзінде азаттық күресінің лидерлері жасаған (өткізген) әкімшілік-құқықтық реформалар, традициялы ескі басқару жүйесіне қайтып оралу емес деп есептеу керек. Біріншіден, хандар тек сарбаздар волостық және уездік съездерде сайланып қойылған. Екіншіден, хандық қызмет сұлтандар сословиясының артықшылығы болудан қалды. Көтерілісшілердің барлық сайланған хандары қарасүйектен шыққандар еді. Үшіншіден, басқару органдарының әскери-әкімшілік принципі негізінде ұйымдасуы жазалаушы отрядтармен ылғиынша соғысуға байланысты болатын. Сонымен қоса әскери және азаматтық өкіметті бөлу байқалады, мысалы, хан мен сардар, мыңбасы мен елбегі тағы басқалар.
Өзіндік басқару кезінде қылмыс түрлері өте төмендеген, оның ішінде барымта, мал ұрлау т. б. Бұдан көтеріліске қатысушылардың сот жүйесі жұмысының пәрменділігін байқаймыз. Қазақстанның көпшілік аймағында көтерілістің қатаң басылуына, 1916 ж. ұлт-азаттық революциясының жеңілісіне қарамастан, ол ұлттық сананың күрт өсуіне, өзіндік жеке мемлекеттік құрылыстың дамуына себепші болды.
1916 ж. жазында Мемлекеттік дума фракцияларының кейбір мүшелері қазақтардың тылдық жұмыстарға шақырылуының заңсыздығын дәлелдеуге тырысқан. Бұл мәселе Дума мүшелерінің мәжілісінде 10 қыркүйекте, Думаның әскери-теңіз мәселесі бойынша комиссиясының мәжілісінде 27 қарашада қаралады. Нәтижесінде 25 шілде 1916 ж. патша указының юристік тұрғыда заңды күші жоқ деп танылды, сондықтан жариялауға жатпайтын деп саналды.
Біріншіден, тылдық жұмыстарға шақыру еңбек міндеттілігі болғандықтан, ол тиісті заңдар бойынша іске асырылады, сондықтан Мемлекеттік Думаның қатысуы керек еді. Екіншіден, указ Россия азаматтарының бір тобының ғана құқығын өзгертті. Үшіншіден, генерал-губернаторларға Указды орындауға Ішкі істер Министрлігінің жарлық беруі өз өкілеттігінің билігін асыра сілтегендік болып табылады. Төртіншіден, мобилизациялау механизмін реттейтін ереже дайындалмаған, соның нәтижесінде көптеген қианат жасауға жол берілді. Тек ақпан революциясынан кейін ғана бұрынғы министрлердің, лауазымды адамдардың патша Указын қабылдауға және іске асыруға жауаптылардың заңсыз істерін тексеруге Төтенше тергеу комиссиясы құрылды.